МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СЫНҒА ТҮСТІ
Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – Қазақстанның әрбір азаматы үшін ұлық мереке. Тарихы тереңде жатқан еліміздің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты өнер байқауы өткізілді.
Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген байқауға ауылдық мәдениет ошақтарынан 12 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Тәуелсіздік тұғырын биіктету мақсатында ұйымдастырылған байқау 2 кезеңде өтті. Бірінші кезеңде үміткерлер тақырыптық өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде бейбіт елдің ұрпақтары, еркін елдің ұландары патриоттық әндер шырқады.
Байқау барысында жас өнерпаздардың өнерлеріне мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Файзуллинна бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Нәтижесінде І-орынды Айзере Момбай (Бірлікүстем ауылы), ІІ-орынды Адлет Алдасүгир (Қонаев ауылы), ІІІ-орынды Оха Дильназ (Бірлік ауылы) және Сабыр Айзере (Балуан Шолақ) иеленіп, байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, жүлделі орындарға ие болған және арнайы жүлделерге ие болған қатысушыларға Мақтау қағаздары мен сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, 15-желтоқсан күні Шу қалалық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік толғауы» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіліп, оған қала мектептері мен мәдени ошақтардан барлығы 23 үміткер қатысты. Екі номинациядан тұратын сайыста әділқазылардың шешімімен бас жүлдені Қонаев ауылынан Сағындық Ерасыл, І–орынды Көкқайнар ауылынан Бектеналы Ұлту, ІІ-орынды Амангелді Гүлім, ІІІ-орынды Абай ауылынан Набибулла Инабат және «Шырақ» балалар театрынан Сейтқұл Кәусар иеленіп, қалған 17 үміткерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Маржан Амангелдіқызы,
Шу аудандық мәдениет үйінің
«Жастар бөлімінің меңгерушісі».