БИЛІК ПЕН БҰҚАРА АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР
Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырдан бергі уақытта елімізбен бірге қатар дамып келе жатқан азаматтық қоғам институтының басты құрылымдарының бірі – үкіметтік емес ұйымдар екені белгілі. Еліміз егемендіктің алғашқы онжылдығын артқа тастаған сәтте-ақ қоғамдық ұйымдар жұмысының жүйелі болуына көңіл бөле бастады. Ата заңымызға үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс заңы жолға қойылды. Тек, облыс орталықтарында ғана емес, шалғай аудандар мен ауылдық жерлерде де дәл осындай ұйымдардың қоғамдағы рөлі туралы ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіле бастады. Нәтижесінде, билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестігі белгілі межелерге қол жеткізіп қана қоймай, тәуелсіз мемлекеттің одан әрі дамуын тиімді жүзеге асыра бастады.
Бір өкініштісі, бүгінгі күні олардың нақты қандай жұмыс атқаратынын біреу білсе, біреу білмейді. Шын мәнінде олар қоғамдық мәселеге үн қосулары қажет. Міне, қазіргі таңда осы үдеден шығып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың бірі – ауданымыздағы «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігі. Әр жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар санының артуына байланысты, тиісінше оларға бөлінетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де ұлғайып келеді. Мемлекеттік тапсырыс қаржысы көбіне-көп ел саясатын жүзеге асыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды, мүгедектер мен мүгедек спортшыларды қолдау, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған қызмет жұмысын жүргізу, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дамыту және тағы да басқа салаларға бағытталуда.
Өткен аптада ғана жоғарыда аталған «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаеваның ұйымдастыруымен «Алғысым бар сізге айтар» атты кең ауқымды іс-шара өтті. Шара барысында ауданымыздағы бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен түрлі салада жемісті еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтар қоғамдық бірлестіктің Алғыс хатымен марапатталды. Бұған дейін де жыл ішінде аталмыш қоғамдық бірлестік тарапынан бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, аталмыш ұйымның бас болуымен ауданда көптеген әлеуметтік жобалар және өзге де іс-шаралар жиі-жиі өткізіліп келеді. Ең бастысы, ұйымдастырылған шаралардың барлығы да қоғамға өз пайдасын тигізуде. Тағы бір айта кетерлігі, «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігі тұрмыс деңгейі төмен, қоғамның қолдауына мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын өткізуден ешқашан қалыс қалған емес. Осыдан-ақ қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі артып, өз кезегінде олар өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен маңызға ие екенін аңғаруға болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет тарапынан «үшінші сектордың» бастамаларын қолдауға айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Осы ретте, азаматтық қоғам орнатудың негізгі көзі саналатын үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу тетігі бүгінгі күнге дейін қол жеткізген табыстарды одан әрі жалғастыруға бағытталғандығын ерекше атап өткен жөн. Неге десеңіз, қазір үкіметтік емес ұйым өкілдерінің аудан мен ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына ықпал жасалып, олардың өзекті әлеуметтік-саяси мәселелерін шешуге үлес қосуына барынша назар аударылуда. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың әртүрлі бағыттағы маңызды жобаларды мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асыруы билік пен азаматтық қоғам институттары арасындағы тығыз байланысты одан да жоғары деңгейге көтеруге септігін тигізіп отырғандығын уақыттың өзі айшықтай түсуде. Оған қоса, мемлекет тарапынан қаралған қаржыны игеру қоғамдық бірлестіктер үшін ашық та жүйелі түрде жүзеге асып отырғандығы – мемлекеттік тапсырыстың үкіметтік емес ұйымдарға қолжетімділігін және әділетті бөлінетіндігін көрсетсе керек-ті. Әлбетте, әр нәрсенің сұрауы болғандықтан, бөлінген қаржыны жүйелі игеру үшін де ұйымдардың белсенділігі өте қажет. Бұл ретте, «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің тек Шу ауданымен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге Мойынқұм ауданында да түрлі іс-шараларды өткізіп жүргенін ескерсек, аталмыш ұйым билік пен үкіметтік емес ұйымдардың арасында тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатып жүр деуге әбден болады.