қасиетті айда қарияларға құрмет көрсетілді
Қасиетті Рамазан айында ауданымыздағы бірнеше мешіттерде Хатым Құран аяқталып, дұға жасалды. Қадір түнімен тұспа-тұс келген бұл күні мешіт имамдары жиналған жамағатпен хатым дұғасын оқып, еліміз бен халқымызға береке-бірлік тіледі.
Қадір түні – Рамазан айының ішіндегі қадірлі түн. Бірақ нақты қай түн екені белгісіз. Ислам ғұламаларының мәліметі бойынша, Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінде жасырылған. Қасиетімен зор мағынаға ие түнде алғаш рет Құран сүрелері жерге түсірілген. Сондықтан да бұл түнді мейлінше дұға етіп, құлшылықпен өткізген абзал. Имамдар қасиетті түнде жасалған бір құлшылық бірнеше еселенген мінәжәттің сауабына татитынын да айтады. Сондай-ақ имамдардың айтуынша, бұл кезде түнімен ұйықтамай дұға ету міндет емес екен. Әркім өз шамасына қарай ниет етеді. Ал, бұл түнді қарсы алуда көпшіліктің пікірі әр алуан.
Дәл осы Қадір түнінде Рамазан айы басталған күннен бір айға жуық уақыт бойы тарауық намазында имамдық еткен қариларға аудан жұртшылығы тарапынан құрмет көрсетілді. Дәлірек айтар болсақ, аудан орталығындағы «Төле би» мешітінде Құран Хатым еткен қари Нұрмұхаммед Садықұлына аудан азаматтары бірігіп, тұлпар мінгізді. Нұрмұхаммедтің ауданымыздан шыққан алғашқы қари шәкірт екенін де айта кеткен жөн. Оның ардақты әкесі Садық кісі де қари болған. Имандылық үйінде өткен салтанатты рәсім барысында мешіт имамы Талғат Кәрібайұлы шаршамай Құран Хатым еткен жас қариға ризашылығын білдіріп, аудан жұртшылығының алғысын жеткізді. Жалпы, ислам дінінде Құранды толық жаттаған жандарды қари деп атап, оған ерекше құрмет көрсетіледі. Олар әдетте Рамазан айының тарауық намазында имамдыққа өтіп, Алланың сөзін бастан-аяқ оқып, хатым етеді. Мұндай үрдіс еліміздегі ҚМДБ қолдауымен жолға қойылған. Мәселен, бұған дейін ауданымыздың мешіттеріне алыс-жақын шет мемлекеттерден, еліміздің өзге өңірлерінен қарилар келіп, хатым жасаған. Жоғарыда аты аталған Нұрмұхаммед Садықұлы биыл ғана Астанадағы қарилар даярлайтын діни оқу орнын тәмамдап, өзі білім алған «Төле би» мешітінде тарауық намазын жүргізді. Сондай-ақ, Құран әліппесін аудан орталығында орналасқан мешіт жанындағы сауат ашу курсынан бастаған Нұрмұхаммед қаридың алғашқы ұстазы Мұстафа Жалалиев екендігін айта кеткен жөн.
Дәл осындай іс-шаралар легі ауданымыздағы өзге де мешіттерде жалғасын тауып, Қадір түніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылды. Шу қаласындағы «Кәрібай молда» мешітінің имамы Аят Дыбысұлы көршілес қырғыз елінен келген қос қариға бір айға жуық уақыт Құран Хатым еткені үшін құрмет көрсетіп, қала тұрғындары атынан екі жылқы атап, қаржылай сый-сияпат көрсетті. Сонымен бірге, қасиетті айдағы тарауық намазынан қалмаған ақсақалдар мен бірқатар жастарға мешіт жамағаты атынан сыйлықтар табыс етіліп, Қадір түніне орай жастардың діни сауатын арттыру мақсатында сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Бұдан әрі мешіт имамы жиналған жамағатқа Рамазан айының, оның ішінде Қадір түнінің қадір-қасиеттері туралы уағыз айтты. Қадірі мың айдан да қайырлы деп Құран Кәрімде баяндалған Қадір түнін имандылық ордасына келіп, құлшылықпен өткізгісі келген жамағаттың санында шек болмады. Ауданымызда иманға бет бұрған жастардың, мешіт жамағатының саны жылдан-жылға артуы көңіл қуантарлық жайт екені жасырын емес.
Байжан ЕМБЕРДІ,
«Шу өңірі»