Тазалық сақтау – ортақ жауапкершілік
Табиғатқа жанашырлықпен қарау, өзің тыныс алып отырған ортаның тазалығына мән беру, айналаны ластамау кез келген саналы азаматтың көкейінде жүретін өзекті ой, адамдық ұстаным деп білеміз. Алайда, өкінішке орай қоғаммен арадағы қарым-қатынасқа теріс пікір қалыптастырып, тек өзімнің аулам таза болса болды деген сыңайлы кереғар көзқарасты құптайтын жандар да баршылық. Соның салдарынан тұтастай бір өңір жапа шегіп, ауданның ажары көріксіз кейіпке еніп отырғаны жасырын емес.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, қала ішіндегі әсіресе бос жатқан кейбір учаскелердің қоқыс алаңына айналып бара жатқандығы тұрғындардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің төмендігінен орын алып отырса керек. Барлық міндетті билік өкілдеріне ысырып қою да жекелеген адамдар үшін абырой әкелмесі анық. Сол себептен, бірлескен істе береке барын әр саналы азамат терең түйсініп, тазалыққа қосқан үлесін іспен айғақтап жатса, несі мін? Бұл орайда, басшылық тарапы да қол қусырып, қарап отырған жоқ. Елді мекен аумағының ластануының алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан шаруалар баршылық. Оны өңірдің тұрғыны ретінде өзіміз де күнделікті тіршілік барысында байқап келеміз. Мысалы, өзім тұрып жатқан ауданда тиісті мекеме жұмысшылары айына екі рет, әр үйден шығарылатын қапқа салынған тұрмыстық қалдықты жинап, арнайы қоқыс алаңына алып кетеді. Жыл өткен сайын бұл үрдіске халық та үйренісіп, уақыт ағымында тұрмыстық қалдықты қаппен шығаруға қосылушылар қатары көбейіп келеді. Мұндай іспен алғашқы жылдары Шу қаласында жергілікті тұрғындармен жасалған келісімшарт негізінде бір ғана мекеме – «Шу-Сервис» ЖШС айналысып келсе, қазіргі уақытта қаппен шығарылатын тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекемелердің саны да артып отыр. Атап айтар болсақ, Шу қаласының «Батыс», «Қосқұдық» мөлтек аудандары бойынша «Шу-Сервис» ЖШС, «Қант зауыты», «Тоғай» мөлтек аудандары бойынша бұл жұмысты «Ильяс» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырады. Ал, «Сүлейменова» жеке кәсіпкерлігі «Жетісу», «Жайсан» және «Жанқұлиев» тұрғын аумақтарын қамтиды.
Ақылы негізде көрсетілетін бұл қызметтің құнына келер болсақ, «Шу-Сервис» ЖШС тарапынан жеке тұлғалардан әр қапқа 250 теңге белгіленген. Сондай-ақ, жәшік толған уақытта тұрғындар атынан ұсынылатын жазбаша өтініш негізінде жүзеге асырылатын көпқабатты үйлер маңындағы қоқыс жәшіктерін шығару үшін жеке тұлғаларға 1500 теңге, заңды тұлғалар үшін 2500 теңге бекітілген.
Сондай-ақ, «Ильяс» және «Сүлейменова» жеке кәсіпкерліктері өз қызметтері үшін әр аулаға айына 450 теңге бекіткен. Аталған соңғы екі кәсіпкерлік тұрмыстық қалдықтарды алып кетуді әр аптаның жұма-сенбі күндері жүзеге асырады.
Бұл бүгінгі таңда көрсетіліп жатқан қызмет үшін бекітілген баға. Шу қаласы әкімінің орынбасары Ж.Аймамбетовтың мәлімдеуінше, жақын күндері бағаға қатысты өзгерістер орын алмақ. Яғни, бұл мәселе аудандық мәслихат сессиясында қаралып, барлық қызмет көрсетуші мекемелер үшін бірыңғай тариф бекітілмек. Сондықтан, тұрғындар жоғарыда көрсетілген соманың түпкілікті шешім еместігін ескергені жөн.
Ал, қала аумағында қоқыс тастайтын контейнерлердің жалпы саны 516 дана болса, оның 192-сі көпқабатты үйлер маңайына, 56-сы темір жол мекемелері аумағына қойылған. Сонымен қатар, 186 дана қоқыс жәшігін заңды тұлғалар, 82 дана жәшікті жеке тұлғалар пайдалануда. Тиісті мекемелер тұрғысынан атқарылып жатқан бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – қала тазалығын қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет шашылып жатуына жол бермеу. Бұл тұста көше-көшені аралап, тазалау жұмыстарымен айналысатын қоғамдық жұмысшылардың да рөлі ерекше. Бүгінгі таңда Шу қаласы әкімдігіне қарасты 128 қоғамдық жұмысшы таңғы сағат 8:00 ден кешкі сағат 18:00-ге дейін қала бойынша абаттандыру, тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Байқағанымыздай, алдыңғы жылдармен салыстырғанда қоғамдық жұмысшылар саны да айтарлықтай ұлғайып отыр. Алайда, бұл бар жауапкершілікті қоғамдық жұмысшылардың мойнына іліп қою деген сөз еместігін әр азамат ескергені жөн. Керісінше, әр үйдің иесі жоғарыда аталған тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекемелермен келісімшартқа отырып, өз ауласының маңайын таза ұстаса, бұл күні бойы көше кезіп жүретін қоғамдық жұмысшыларға аз да болса қолғабыс, екіншіден өзің үшін таза орта, жағымды көрініс, аумақтың ажарлануына қосқан оң үлес болар еді. Өйткені, қала аумағы сол қаланы мекен етіп отырған барлық тұрғынға ортақ.
Өкінішке орай, тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау қызметінің жолға қойылғанына бірнеше жыл өтсе де, аз ғана ақшаны үнем көріп, айналаның ластануына себепкер болып отырғандар жетерлік.
-Мемлекеттік мекемелер басшылығы мен жеке кәсіпкерлік иелері үшін өздеріне іргелес жатқан аумақтарды тазалау бойынша бекітілген іс-шаралар жоспары бар. Соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп тұруы қажет. Сондай-ақ, «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде тұрмыстық қалдықтарды алып кету бойынша ұсынылатын ақылы қызмет жөнінде хабарландырулар жарияланып тұрады. Көпшілік соған мән беріп жатса, нұр үстіне нұр. Ал, жекелеген тұрғындар өз ауласының маңайын таза ұстап, көп пәтерлі үйде тұратын тұрғындар өзара келісіп, белгілі уақытта бірлесе отырып жүйелі түрде тазалық жұмыстарын жүргізсе, бұл қоғамға деген мәдениеттілікті қалыптастырады және соның өзі біз үшін үлкен көмек болар еді,- дейді Шу қаласы әкімінің орынбасары Аймамбетов Жандос Ерболұлы.
Әр тұрғын тазалық ісіне жауапкершілік танытып, «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» екенін ескерсе, бұл өңірімізге сырттан келген жұртшылық өкілдері алдында да асқақ абырой болары хақ. Алдағы уақытта жерлестеріміз бұл мәселеге немқұрайдылықты санадан жырақтатып, таза қаланың қалыптасуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.
Динара Батырхаирова “Шу өңірі”