асыл тұқымды қошқарлар көрмесі өтті
Қойдың қоңды болғаны қай шаруаға болмасын қуаныш. Әрине, малдың күйлі болуы жем-шөбіне тікелей байланысты. Сонымен қатар, шопан ата төлінің асыл тұқымды болуы аса маңызды. Бұл еліміздегі қой шаруашылығының дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Өткен аптаның соңында өңірімізге қой өсіріп, қошқар баптаған қауым келген болатын. Олар Шу қаласында өткен Жамбыл облыстық асыл тұқымды қой шаруашылығының көрмесінде бас қосты. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен көрмені жергілікті шаруа қожалықтардың жетекшілері ұйымдастырған. Думанның дүбірін естіген аймақтағы шопандар таң алагеуімнен шаһардағы «Локомотив» стадионына ағылып, салмағы мен жасына қарай тіркеуден өте бастаған.
Сәлден соң шараның шымылдығы салтанатты түрде ашылып, жұртшылық сахнаға қарай мойын бұрды. Әрбір істің ақсақалдардың ақ батасымен басталатыны белгілі. Сүрлеуі басқа шараға келген әлеуметке қазына кеуде қария Жиенбай Әлкенұлы білегін түріп батасын берді. Мұнан кейін сахнаға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек шығып, көрмеге қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
-Қой шаруашылығы еліміздің мал шаруашылығының басты бағытының бірі. Шетелдердің қой өсіру индустриясына көз жүгіртсек, көбінесе тез семіретін етті, етті-жүнді тұқымды өсіруге басымдық беріледі. Себебі бұл үрдіс ет шаруашылығымен қатар ел экономикасының дамуына да жол ашады.
Облыста қой өсіретін 1500-ден астам шаруашылықта 3252 бас қой бар. Бұл шаруашылықтарда еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, меринос, гиссар және басқа да қой тұқымдары өсіріледі. 2016 жылы облыста 2 млн 406 мың бас қой болса, оларға бүгінде 1,0 млн қой қосылып отыр,-деген Қанатбек Қайшыбекұлы көрменің жоғары деңгейде өтуіне тілек білдірді.
Аталған көрмеге алыс-жақын аудандардан бөлек, өзге облыстар мен шет мемлекеттерден қонақтар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға 250-ге жуық қой келген. Олар 7 санат бойынша бақтарын сынаған. Оның ішінде ұрғашы тоқтылар мен саулықтар, қозы тіс қошқарлар (ең төменгі салмақ 90 келі болуы шарт), екі тіс қошқарлар (ең төменгі салмақ 110 келі болуы шарт), 4 тісті қошқарлар (ең төменгі салмақ 120 келі болуы шарт), 6 тісті қошқарлар (ең төменгі салмақ 130 келі болуы шарт) және салмағы 140 келіден кем болмайтын абсолютті салмақтағы қошқарлар көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Шопан ата төлінің түр сипатын, салмағы мен бойына қарай бағалайтын әділ қазылар алқасына Түркістан облысынан келген Асылхан Байғазиев, қырғызстандық Рамиз Жұмабаев, Алматы облысынан Ерік Қыдырәлиев пен Шу аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев пен тағы бір түркістандық Кенже Мұғалбаев сайланды. Олар ортадағы таразыға тартылып, бойы өлшенген қозы мен қой, қошқарлардың сыр-сымбатына қарап бағаларын беріп отырды. Байқағанымыздай, бақ сынауға көршілес Меркі ауданы мен Т.Рысқұлов ауданы тыңғылықты дайындықпен келген. Сол секілді алаң иелері де өз қойларын әртүрлі санаттар бойынша қатыстырып жатты.
Стадионға жиналған 700-ге тарта көрерменнің назары түс әлетіне дейін ортада болды. Себебі небір күтімі келіскен, бітімі сұлу қошқарлар елең еткізер лақап аттарымен бірінен соң бірі шықты. Арасында талай көрмеде абыройға бөленген қошқарлар мен солардың тұқымдары да бар.
Облыстық шара болғанымен бейресми түрде халықаралық дәрежеге ие болған көрме соңында құрметті меймандарымыз – айыр қалпақты ағайын делегациясы жылы лебіздерін білдіріп, өздерінің қазақстандық әріптестеріне сый-сияпаттарын табыс етті. Сонымен қатар, алдағы айда Алатау бөктерінде өтетін осындай халықаралық көрменің қонағы болуға шақырды. Ұйымдастыру алқасы да қырғыз бауырларының иығына шапан жауып, бастарына бөрік кигізді. Тарту-таралғы жасау мұнан кейін де жалғасты. Облыста, оңтүстік өңірде осындай бастамаларға жан бітіріп жүрген жандарға да қазақи жолмен құрмет көрсетілді.
Одан бөлек, облыста қой шаруашылығын дамытып, оны асылдандырып отырған үлкен шоғыр шаруаларға Қанатбек Қайшыбекұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды. Шараның мәресі жеңімпаздарды марапаттаумен түйінделді. Қатысушылардың қатары қалың болғандықтан бағалы сыйлықтардың саны да көп болды. Олар жоғарыда біз айтқан санаттар бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болып, жүлделерін еншіледі.
Осы мақаланы оқып отырған шулықтар көрмедегі ең салмақты, ең бойшаң қошқарды білгісі келетіні анық. Ең жоғарғы салмақ пен ыстық ықыласқа ие болған «Шатақ» атты шулық қошқар болды. Миятхан Бұланбаев басқаратын «Байбол» шаруа қожалығының мақтанышы алты тіс санатында қатысып, 201 келі салмақпен көрменің ең үздігі болды. Ал, абсолютті салмақта Т.Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылының тұрғыны Данияр Ақторпақовтың «Гераклы» жеңімпаз атанды. Оның салмағы 186 келіні көрсетті. Сондай-ақ меркілік жеке кәсіпкер Нұрлан Әбдіқұловтың «Карат» атты қошқары 183 келі, тағы бір меркілік Қуан мырзаның «Байсарысы» 181 келі болды. Бойшаң қошқарлардың бойлары 1 метрден асып жатқанын айта кеткен жөн.
Қазіргі таңдағы бұл құмарлықтың түрі қазаққа өте жақын. Қошқар өсіріп, оған қызығушылық танытып отырған ағайынға «Бульдозер», «Шатақ», «Фаворит», «Атаман», «Челубей», «Борман», «Таусаф», «Карат», «Гламур», «Тундра», «Хан» мен «Бугай» есімді қошқарлар етене таныс. Солардың қатарына қосылуға лайықтылардың бір парасы осы көрмеде белгілі болды. Ауданымызда кәсіптің осы түрімен айналысып жүрген азаматтар аз еместігін де осы шарада аңғардық. Қозы болса да қошқарлармен барлық жағынан теңесуге мүмкіндіктері бар мұрындылардың келешектерінің зор екендігінен хабар берді.
Б.Емберді