Ақпараттық портал

Әке аманатын орындаған

Елтай Әлиасқарұлы Садыров оқу-тәрбие ісінің озаты, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, барлық өмірінің жарқын жақтарын білім саласына жұмсаған азамат.
-Атам Садыр 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде 43 жасында әскерге шақырылып, 1943 жылы Ресейдің Сталинград облысының Камышинск селосының түбінде болған ұрыста қаза тапқан. Әкем Әлиасқар бала күнімде ылғи да атам жайлы әңгімелерді айтып отырушы еді. Орта мектепті аяқтап, сол кездегі астанамыз – Алматыдағы шет тілдер педагогикалық институтының «Неміс тілі» факультетін 1981 жылы бітіріп келгенімде әкем марқұм көзіне жас алып, «Балам, сен енді неміс тілін меңгердің, саған аманат, атаң Садырдың қай жерде опат болғанын біліп бер. Әкемнің басқан жерінің топырағын көру,табылса белгісін көру маған арман боп тұр. Қанша ізденіп, сұрау салғаныммен, еш хабар табылмады. 1975 жылы сол кездегі КСРО Қорғаныс министріне іздеу салған хатыма Москва облысы, Подольск қаласындағы әскери архивтен «Ұлтараков Садыр хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде жоқ, анықталған хабар шығып жатса, хабарлаймыз-деген қағаз қолыма тиді. Аты-жөні белгісіз шейіт боп кеткен миллиондаған боздақтардың ішінде кетті ғой»-деп уайымдап, күрсінгені әлі күнге жадымда. Әке аманатын, ұрпақ парызын орындау мақсатында талмай ізденіп, Ресейдің түрлі әскери бөлімшелеріне, «қызыл ізшілер» қоғамына үсті-үстіне хаттар жазып, ізденудің арқасында 2017 жылы атам Садырдың соңғы ұрысқа қатысқан жері Камышинск селосындағы «Боздақтар есімі» мемориалында болып, жерленген жеріне барып, құран бағыштап, бір уыс топырағын ата–бабалар қорымындағы әкемнің зиратына қосып, атамның есімі жазылған белгі орнаттық. Бұл туралы республикалық телеарналарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Мені таңқалдырған нәрсе қазақы түсініктегі «Аманат» деп айтылған сөздің санасы бар адамға үлкен жауапкершілік әкелетінін білдім. Өте күрделі әскери операция тактикасы болған Камышинск қаласындағы соғыс кезінде 58 әскери госпитал жұмыс істеген. Екі жақтағы адам шығыны есепсіз көп болған. Қаладағы «Героизм верность Родине» мемориалындағы жазулардың көптігі сонша, тізімді оқуға бір күн уақыт жұмсадық. Қаланың басқа аудандарындағы бауырластар зиратындағы тізімдерді оқыған сайын қазақы есімдердің көп екені білінді. Сол жақта әр тізімнің алдына барғыштап жүргенімізді байқаған бір орыс кемпір бізді сөзге тартты. Біраз демалып, жөн сұрасқан соң, Қазақстаннан екенімізді білген кейуана бірден түсі жылып, немере қызының Алматыда тұратынын, бірталай уақыт бұрын барып келгенін айтты.
«Қазақстан өте мейірімді, Алматы көгершіні көп, тыныш қала екен. Соғыс болмай тұрғанда мұнда да көгершін көп болған деп айтатын шешелеріміз. Аспан жердің арасын күңіренткен бомбалар қара жерді солқылдатып жарылғанда құс түгілі тышқандар да жоқ боп кеткен. Негізі көгершін көбейген жерде тыныштық көп болады. Аталарыңның рухын іздеп жүрген сендер «жарайсыңдар». Өзіміз Ресейде тұрсақ та, үлкен атамыздың қайда жерленгенін білмейміз»-деп, бізге өте бір мейіріммен қарап, разылығын білдіріп, арқамыздан қақты.
Қасымда бірге жүрген бажам Бауыржан екеуміз шаршағанымызды ұмытып, қайта жігерлендік. Тағы бір байқағанымыз, орыс азаматтарының соғыста шейіт болғандарға арналған мемориалдарды жақсы күтімге алатыны білінді. «Кейінгі ұрпақтарына тыныштық заманды орнату үшін қандарын төгіп, жандарын қиған аталар рухына мың мәрте алғыс айтамыз. Алғыс айта салу оңай, кейінгі ұрпақтары мәңгілік қарыздармыз. Ешқандай өлшеммен өтей алмаймыз ғой»-деп ағынан жарылды.
Соғыс кезіндегі деректерде Қазақстанның әр бесінші азаматы яғни, 1 миллион 200 мыңнан астам адам Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жамбылдық жерлестеріміздің арасынан 22 жауынгер «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген. Төрт жылға жуық уақытқа созылған соғыста 15536 жамбылдық жауынгер қаза болып,17639 азамат хабар-ошарсыз кеткен. Бір үйден әкелі-балалы азаматтардың бір күнде соғысқа аттанып, екеуінен бір күнде қара қағаз келген жағдайларды естіп өстік. Біреулерге жоғарыдағы кейіпкеріміз Елтай Садыровтың әке аманатын орындаған ісі жәй, көп тіршіліктің бірі ғана көрінуі мүмкін. Жоқ. Менің ойымша, бала кезінен сіңісті болып, жадында сақталған әке өсиеті өсе келе маза бермегендіктен, табанды шешімге келген. Әйтпесе, көрші ауылға барып-келуге ерінетін, босбелбеу жандар баршылық. Сондай жандарға үлгі болуға жарайтын іс қылған азаматқа неге рахмет айтпасқа. Қазір Пайғамбар жасынан асып, бала-шағалы, немерелі болған ардагер ұстаздың кейінгі ұрпаққа қажет өнегелі ісіне өз тарапымыздан алғыс білдіреміз.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.