Қызылшаның алдын алу жолдары
Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция көзі – ауру адам. Инфекция қоздырғышы науқас адамнан сау адамға ауа-тамшы жолымен тасымалданады. Қызылшаның қоздырғышы адамның денесіне тыныс алу жолдарының және көру мүшелерінің шырышты қабығынан өтеді. Вирус сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен ауа тамшылары арқылы сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп, ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы болып саналады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Дерттен сауыққан адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпаған. Өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады. Қызылша ауруымен ауыратын адам 7-10 күн бойы айналасындағыларға қауіпті. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері: әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, қабақтың ісінуі, бас ауруы, ұйқысыздық, тамаққа тәбеті болмау, құрғақ жөтел, дененің бөртуі. Азу тістерінің қарсысында ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті, бір-біріне өзара ұқсап келетін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады.
Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігер қояды. Дәрігер аурумен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойы тексереді.
Қызылшамен кез келген бала немесе тіпті ересек адам ауыруы мүмкін. Вакцина алмаған 5 жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқандар жиі ауырады. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – вакцинация болып табылады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қалыптасқан иммунитет қызылшадан қорғайды немесе жұқтыру жағдайында ауруды жеңіл түрде және асқынусыз ауыстыруға көмектеседі. Қызылша асқынулармен қауіпті: қызылша пневмониясы, менингит, энцефалит, обструктивті бронхит, ларингостеноз және т.б.
Алдын алу шараларына келер болсақ, жеке гигиена ережелерін сақтап, қолды мұқият жуу керек. Жиі таза ауада серуендеп, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін ойын-сауық кешендері мен мәдени-бұқаралық іс-шаралар сияқты адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу.
Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егулері жоқтарға, эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.
С.Кожанбекова,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
бөлім басшысы.