Ақпараттық портал

МӘМС бойынша сұрақтар мен жауаптар айдары

1. Мүгедектігі бар қызметкерден жарналар ұсталына ма?
Сұрақ: Біз шағын жеке фирмамыз. Аяғында кемістігі бар ресми мүгедектігі бар программистті жұмысқа қабылдадық. Біз ол үшін аударымдарды төлеп, жалақысынан МӘМС жарнасын ұстауымыз керек пе?
Жауап: Мүгедектігі бар адамдар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді, себебі олар халықтың 15 жеңілдік санатына кіреді. Демек, жұмыс беруші олар үшін аударымдарды төлемейді және жарналарды ұстамайды.
Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлердің келесі санаттары үшін МӘМС төлемдерін аудармайды:
-Балалар
-Зейнетақы жарналарын алушылар
-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар
-Мүгедектігі бар адамдар
-Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын адамдар
-Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, баланы (балаларды) үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыстағы адамдар.
2. Жұмысқа жақында орналасса, қалай төлем жасайды?
Сұрақ: Мен 2022 жылдың қыркүйегінде жұмысқа тұрдым. Оған дейін ресми түрде екі жыл жұмыс істемедім. Жұмыс беруші мен үшін МӘМС аударымдары мен жарналарын үзбей төлейді. Жақында емханаға барсам, «мәртебең сақтандырылмаған» деді. Мен үшін төлемдер жүргізіліп жатса, неге мәртебем жоқ? Оны қалай алуға болады?
Жауап: Сіз екі жыл жұмыс істемедім дедіңіз, яғни осы кезде МӘМС-ға жарна төлемеген сияқтысыз. Заң бойынша, «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі өткен немесе алдағы 12 ай үшін төлем жасалған кезде беріледі.
Қазір сіз жұмыс істейсіз және ай сайын түсімдер болғандықтан, алдағы бір жылға төлем жасай алмайсыз. Сіздің жағдайда өткізіп алған кезеңдерге жарна төлеу керек, бірақ ол соңғы 12 айдан аспауы тиіс. Дербес төлеуші ретінде, яғни 2022 жылғы сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз айлары үшін жеке-жеке 3000 теңгеден (2022 жылғы жарна мөлшері) төлем жасау қажет. Әрі қарай, жұмыс беруші аударған төлемдер көрсетіледі. Өткізіп алған кезеңдер үшін төлем жасаған соң, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төлемдерді өңдегеннен кейін сізге мәртебе 2-3 күн ішінде беріледі.
3. Жұмыс беруші жарналар мен аударымдарды төлемесе?
Сұрақ: Мен жекеменшік жұмыста істеймін. Бірақ онда мен үшін тиісті жарналар мен аударымдар жасалмайды. Қазір маған МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмекті шұғыл алу қажет. Не істеу керек?
Жауап: Егер жұмыс беруші сіз үшін міндетті тұрақты жарналар мен аударымдарды жасамаса, онда ол еңбек, әлеуметтік және салық саласындағы заңнаманы бұзған болып есептеледі. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін сіздің «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебеңіз болуы керек. Сіз оны өткен 12 айға немесе алдағы 12 ай үшін жарналарды төлеу арқылы ала аласыз. Әр айға жеке-жеке төлем жасау керек. Осы ретте ескеретін жайт, дербес төлеушілер 2022 жылы МӘМС үшін 3000 теңге, 2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюына байланысты 3500 теңге төлейтінін ескеріңіз.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Жамбыл облысы бойынша
филиалы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.