Тұрғындар тегін қызметтен неге бас тартады немесе ақылы қызметтің несі артық?
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне бірнеше жыл болғаны және бұған дейін бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сан мәрте айтылып, көрсетіліп жатқаны баршаға мәлім. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не, оның қандай түрлері бар, бұл бойынша медициналық көмектің көрсетілу тәртібі және басқа да осы тұрғыдағы маңызды мәселелер қамтылған, жан-жақты бағытта жазылған мақалалар өзіміздің жергілікті газет беттерінде де бірнеше рет жарияланған болатын. Сол себептен, бұл жолы біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолданудың өз өңірімізге қатысты бүгінгі жай-күйі жөнінде айтпақпыз.
Қарапайым тілмен айтар болсақ, тұрғындарды медициналық сақтандыру жолында жұмыс жасайтындар үшін олардың айлығының екі пайызы сол азаматтардың жалақысынан, айлық сомасының үш пайызы жұмыс беруші мекеме тарапынан медициналық сақтандыру қорына аударылып отырады. Мұндағы мақсат – қордағы қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді.
Осыған орай, бүгінгі таңда өңірдегі мемлекеттік медициналық мекемелерден ем алушылар үшін барынша жағдай жасалып, аудандық, қалалық ауруханалар мен емханаларда жоқ кейбір медициналық аппараттар қажеттілігі жеке меншікті медициналық мекемелермен жасалған келісімшарт арқылы шешімін табуда. Сондай-ақ, кейбір талдамалардың нәтижесін анықтау үшін де жеке зертханалармен жасалған келісімшарт бар. Мысалы, Шу қалалық емханасының басшылығы ұсынған мәліметке сәйкес Тараз қаласынан жиырмаға жуық медициналық мекеме біздегі қалалық емханамен келісімшарт жасасқан болса, Шу қаласынан алты мекемемен өзара келісімшарт бар. Шу қаласы бойынша атап айтар болсақ, «Инвиво», «Daumed-2019», «Достық» ЕДО, «Стоматолог» емдеу орталығы, Шу қалалық ауруханасы және аудандық орталық аурухана. Яғни, емханаға келген, медициналық сақтандырылған (тиісті шотқа медициналық сақтандыру жарнасы аударылған) науқастар мұндағы дәрігерлер берген жолдама арқылы жоғарыда аталған жеке меншікті мекемелерге және соңғы аталған екі мемлекеттік мекемеге талдама өткізіп немесе түрлі аппараттар арқылы ультра дыбыстық зерттеулерден өте алады.
Алайда, осындай мүмкіндік бола тұра кейбір тұрғындар жеке меншікті медициналық мекемелерден ем қабылдауға мәжбүр. Сондай жандардың бірі – Шу қаласының тұрғыны Сымбат есімді жерлесіміз. Оның атынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қорға тиісті қаражат аударылып отырса да, бүгінгі таңда жеке меншікті медициналық мекемеден ем қабылдап келеді. Айтуынша, басты себеп – қалалық емхана дәрігерлерінің емделушіні әрлі-берлі ұзақ сабылтып, аз уақытта шешімін табатын шаруаны бірнеше күнге созып, әуре-сарсаңға салып қоятыны болып отыр. Ал, жеке меншікті медицина мекемесі қызметкерлерінің жедел қызметін қабылдағанымен, талдама тапсыратын кезде оның ақылы жүргізілетіні тағы да қалтаны қағатыны бар. Сол себептен, қаражаты мардымсыз тұрғындар үшін бұл тиімсіздігін көрсетіп, олардың қайтадан қалалық емхана қызметкерлеріне қайырылуына тура келеді. Ал, мұндағы қызмет жоғарыда атап өткендей, көпшіліктің көңілін көншітпейді.
-Мен әу баста жеке меншікті медицина мекемесіндегі әйелдер дәрігеріне қаралдым. Ол маған бірнеше талдама өткізуге жолдама жазып берді. Алайда, ақылы негіздегі зертханалардың бағасы қымбат болып шықты. Сол себептен, емханадағы дәрігерден жолдама сұрап көрдім. Ол әуелі осындағы дәрігерлерге қаралуым керектігін, содан кейін ғана талдаманы тегін қабылдауға жолдама бере алатынын айтты. Ал, мен емді жеке меншікті мекеме дәрігерінен қабылдап бастап қойғандықтан, әрі қарай да ақылы емделіп, яғни талдамаларды да ақылы негізде тапсыруыма тура келді. Сонда, бұл менің жалақымның есебінен медициналық сақтандыру қорына аударылған қаражатымның желге ұшқаны емес пе?! Өңірдегі медицина саласы қызметінің осы тұсы жалғыз мен ғана емес, өзім секілді бірнеше адамның басындағы жазылмас дертке айналуда. Сондықтан, билік өкілдері осы мәселеге ден қойып, қатаң басшылықты қолға алса деген тілегім бар,-дейді Сымбат.
Осы тұста біз қалалық емхананың бас дәрігері Гульмира Кульмагамбетоваға жолығып, емдеу орнының қандай жеке меншікті медициналық мекемелермен келісімшарт жасасқанын білмек болдық. Бұл кезде де әдеттегідей емделуге келген науқастар секілді екі күн сабылтты. Бірінші күніміз бас дәрігерді күтумен өтсе, күту операциясы екінші күні де түске дейін жалғасып, түске таман әйтеуір бір жауап алдық. Бірақ, оның өзі мардымсыз. Бас дәрігер біз сұраған келісімшарт арқылы бірлесіп қызмет етіп отырған жеке меншікті медицина мекемелерінің тізімін кадр бөлімінен алуды меңзеді. Ал, кадр бөлімі қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан екен. Алып ұшып аталған бөлімге келгенімізде мұндағы маман «Мен мұндай мәлімет бермеймін» деп қысқа қайырды. Бас дәрігерге қайта келіп, мән-жайды түсіндіріп, заңдылығын айтқанда ғана бір нәтижеге қол жеткізгендей болдық. Мұндай жағдай ауырып келген науқастар арасында жиі кезігетінін екінің бірі білетіні жасырын емес. Өйткені, «Сабылып жүріп, қай жеріміз ауырып келгенін ұмытып қалатын болдық» деген сөз де ем қабылдаушы тұрғындар тарапынан жиі айтылатынын біз де үнемі аңғарып келеміз.
Ал, қалалық емхана басшылығы ұсынған жеке меншікті мекемелер тізімінде емхана бас дәрігерінің орынбасары телефон арқылы жеткізген «Олимп», «Альфа-мед» сынды мекемелердің атауы мүлдем жоқ. Осыған қарап, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекеме болса да, бар нәрсені жоқ қылып, халықтан жасыратындай бұл құпия қызмет орныма деген ойға қалдық.
Осындай жәйттерге қарамастан, басшылық қызметтегі ақ халаттылардың жергілікті газет тілшісінің жұмысына немқұрайдылықпен қарап, қойылған сұрақтар үшін ашуға булығып, қала берді «Кімнің тапсырмасымен келдіңіз? Біз ақпарат беру үшін басшыңыздан рұқсат қағаз алып келіңіз. Сіз былай жазыңыз» деп бізге жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмысымыздың бағыт-бағдарын түсіндіргені мұндағы басшылардың өздерінің заң аясындағы қызметтік міндеттерін нақты түсіне бермейтіндіктерін байқатты.
Әуел баста мақаланы мұндай бағытта жазу мақсатымыз болмаса да, ақ халатты абзал жанға теңеп келген қызметкерлердің осындай қарым-қатынасы ой үстінде мақала желісін өзгертіп, сыни тұрғыда жалғастыруға негіз болды.
Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында өмірдің әр саласындағы қолға алуды қажет ететін маңызды мәселелерді жіпке тізгендей айқындап, шешімін табу жолдары жайында да мәлімдеп өткен еді. Соның ішінде денсаулық саласы да назардан тыс қалмады. Нақты айтар болсақ, Жолдаудың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталған үшінші бағдарында «Еліміздің басты құндылығы-адам. Бұл – айқын нәрсе…
Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес…
Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн»-деген еді.
Өкінішке орай, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы біздегі медицина саласындағы басшылардың құлағына әлі жетпеген сыңайлы. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, айтылған сыннан оң нәтиже көрініс береді деп сенеміз.
Динара Батырхаирова
“Шу өңірі”