Ақпараттық портал

«ауыл аманаты» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы кез келген мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі екені белгілі. Осыған орай, елімізде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы іске қосылды. Жамбыл облысында 2019 жылы басталған бұл жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті және Жамбыл облысы тәжірибесі жағынан республика аумағында алдыңғы қатарда келеді.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен 52, 4 млрд теңге қаралды (11 мыңнан астам шағын несие). Шағын несиемен қамту мерзімі 5 жыл, сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту ісіне ынта білдіргендер үшін 7 жыл белгіленген. Ең аз сома 2,5-тен басталып, 8 мың АЕК–ке дейін, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан кем емес. Қаражатты ісін жаңадан бастаған және бұрыннан қызмет етіп келе жатқан кәсіпкерлер, зейнет жасына жетпестен жұмыстан қысқартылғандар, ЖК ретінде тіркелместен өндіріс ісі және тауар айналымы қызметін жүзеге асырып отырғандар, ақы төленбейтін отбасылық кәсіпкерлікті жүзеге асырушылар өзінің қосалқы шаруашылығында өндіріліген өнімді сату немесе күнкөріс деңгейінен төмен табысқа айырбастауды жүзеге асыратындар табысы күнкөріс деңгейінен төмен өндіріс кооперативінің мүшелері иемдене алады.
«Ауыл аманаты» жобасының артықшылығын пайдалануда ауданымыздың тұрғындары да белсенділік танытып келеді. Бүгінгі таңда жобаға Қорағаты , Жаңа жол, Көкқайнар сынды үш ауылдық округ қатысып отыр. Осыған орай, өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев, ауыл шаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшылары Жаңа жол ауылдық округінде болды. Жұмыс сапары барысында аудан әкімдігінің мамандары өз ісін дамыту үшін тиімді несие алуға бел буған ауыл тұрғындарының құжаттарын дайындау ісімен танысып шықты.
-Қазіргі уақытта тұрғындар көбіне жобаның екінші бағыты – өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша өтініштер беруде. Мысалы, Жаңа жол ауылдық округінен 60 азамат қажетті құжаттарды дайындап қойды. Сондай-ақ, ауылда ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі ұйымдастырылды,-дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев.
Сондай-ақ, бізге жоғарыда айтылған кооператив төрағасы Ж.Т.Тәжиевпен де тілдесудің сәті түсті.
-«Ауыл аманаты» жобасының біздің ауылда жүзеге асырылатынын естігенде қуандық. Біз бұл жобаның тиімділігіне 2019 жылы Жаңақоғам ауылдық округінде жоба жұмысының нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмыстық әл-ауқаты артып, мал басы саны көбейіп, ауылшаруашылығына қажетті техникалар қатары толыға бастаған кезде көз жеткізген едік. Енді мұндай игілікті іске біздің де кезегіміз келіп отыр. Бұрындары біздің ауыл ауылшаруашылығы дамыған ауыл болатын. Жергілікті тұрғындар да аталмыш саланы табысты дамыту үшін не істеу керектігін жақсы біледі, оларға үйретудің де қажеті жоқ. Сондықтан, олардың талап етіп отырғаны – қаражат қана. 2,5 пайыздық несие ауылдықтар үшін үлкен көмек. Тұрғындар да бұл жобаның жолға қойылғанына дән риза. Өз кезегімде еліміздің, облысымыздың, ауданымыздың және Жаңа жол ауылдық округінің басшылығына алғыс айтқым келеді,-деп өз ойымен бөлісті Жапарқұл Тәңірбергенұлы.
Мұнан кейін біз «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға өтініш білдірген «Мехман» жеке кәсіпкерлігінің наубайханасына бет түзеп, мұнда кәсіпкерлік жетекшісі Сагадин Кулиевпен жолықтық.
-Біз бір жарым жылдан бері нан өнімдерін өндірумен айналысып келеміз. Көбіне бөлке және тандыр нан пісіреміз. Өнімдерімізді өзіміздің ауылға және жақын маңдағы ауылдарға өткіземіз. Тандыр нан 170 теңге, ал бөлке нан салмағына қарай 120-170 теңгені құрайды. Күніне 500 бөлке нан және 500 тандыр нан жабамыз. Наубайханада жалпы саны 4 адам жұмыс жасайды. Олардың орташа жалақысы 200 мың теңге. Біз өткен жылы үкіметтен қаржылай көмек алған болатынбыз. Нақты айтқанда, 6 млн теңгені жылдық 0,6 пайызбен алдық. Енді наубайхананы кеңейтуді көздеп отырмыз. Сондықтан, мемлекеттің мұндай көмегі біз үшін ауадай қажет,-дейді Сагадин Шалаханұлы.
Сапарымыздың келесі бағдары Жақсылық Несіпбаев есімді азаматтың жетекшілігіндегі құмбетонды блок өндіретін цех болды. Оның айтуынша, өндіріс екі жылдан бері жұмыс жасап келеді.
-Цехтың негізгі жұмыс бағыты құм блогын өндіру. Блокты Қытайдың «GT-40» құрылғысымен өндіреміз. Мұның қоршауға арналған блоктар, жыртылған блок, төсеуге арналған және шекараға арналған блоктар шығару артықшылығы бар. Бір ауысымда 1200-дей кірпіш құямыз. Цехта ай сайын еңбекақысын алып отырған төрт адам жұмыс жасайды. Мен де «Ауыл аманаты» жобасына өтініш беріп қойдым. Егер, өтінішім қолдау тауып жатса, кәсібімізді ұлғайтуды көздеп отырмыз. Тауарға деген сұраныс деңгейіне қарап, біздің өнімдеріміз аудан тұрғындары үшін маңызды рөлге ие деп білемін. 2,5 пайыздық несие біз үшін үлкен көмек,-деді Жақсылық Болатұлы.
Мұнан соң «Жамбыл» телеарнасының аудандағы меншікті тілшісі Жұмахан Чекаевпен бірге Жаңа жол ауылдық округіндегі осы уақытта шөп жинау жұмысы жүріп жатқан ауылшаруашылық алқабына жол тарттық. Бізге осы алқапта еңбек етіп жүрген жас жігіт Чингиз Мамедгасановпен тілдесуге мүмкіндік туды.
-Біз мұндағы жұмысты достарымызбен бірге бастадық. Қазіргі жазғы маусымда толық күн жұмыс жасаймыз. Күніне 20-30 мың теңге табыс болып жатады. Бір ауысымда 1000-ға жуық шөп түгін тиеп жібереміз. Сондықтан, еңбек етемін деген адамға ауылда жұмыс табылады,-дейді жаңажолдық жас.
Сапарымыздың соңында біз округ әкімі Дархан Әліпбаевқа жолыққан едік. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында округте жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша өзге де тың ақпараттармен бөлісті.
– Бүгінгі таңда Жаңа жол ауылдық округінде азаматтардың құжаттарын жинау науқаны белсенді жүргізілуде. Ниет білдіргендер ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына өз өтініштерін қалдыруда. Қазірдің өзінде 60 шақты ауыл тұрғыны «Тараз» АТК-ға өтініштерін өткізді. Оның 57-і ауылшаруашылық саласы бойынша, қалғаны жаңа кәсіп ашу және кәсіпті кеңейтуге негізделген. Мұнан бөлек, ауылда 11 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 100 млн теңгеге өтініш беріп қойған ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі ашылды. Жалпы, бұл жоба округ тұрғындары үшін үлкен қолдау болғалы тұр,-деді Дархан Бұхарбайұлы.
Сапар барысында біз мұндай жоба азаматтардың қаржылық жағдайына ықпалын тигізіп қана қоймай, олардың келешектегі тың мақсаттарына деген ынталарын артырып, жалпы мемлекетке сенімділіктерін нығайтып отырғандығына көз жеткізіп қайттық.

А.Искаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.