Ақпараттық портал

ұлттық аспапты ұлықтаған азамат

Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2018 жылы қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып айқындалған болатын. Сол уақыттан бері бұл күн елімізде мереке ретінде айшықты аталып өтіп келеді. Бұл күннің ұлттық руханиятымызға, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосар үлесі де салмақты.

Аталмыш мереке қарсаңында біз өз өңіріміздегі ұлттық аспапты ұлықтаумен жалпы ұлтымыздың мерейін асқақтатып жүрген жерлестеріміз жөнінде ой қозғағанды жөн көрдік. Сондай жанның бірі – Ақсу ауылының 1973 жылғы тумасы Абдыхаимов Бақытжан Биқазыұлы. Осы ауылда туып-өсіп, қарапайым отбасынан шыққан кейіпкеріміз домбыра шертуге бала кезінен қызығушылық танытқан екен. Бесінші сынып оқып жүрген кезінен қолына домбыра алып, күй шертуді үйрене бастайды. Оған себепкер сол кездегі ұстазы Амантай есімді азамат. Б.Абдыхаимов мектеп жанынан ашылған бес жылдық саз мектебінде осы азаматтан домбыра ілімін үйреніп,1990 жылы орта біліммен бірге саз мектебін де тәмамдап, арнайы куәлікке ие болады. Жаңа өмірге қадам басқан бозбала Орталық Қазақстан облысы, Балқаш өңіріндегі жоғары оқу орнына тапсырғанымен, бір жылдан кейін әскер қатарына алынады. Екі жылдық әскери борышын өтеп келген соң, Алматы қаласындағы Әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, тарихшы мамандығын меңгереді. 2007 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдағанға дейін Шу қаласындағы орта білім мекемесінде және Төле би ауылындағы саз мектебінде музыка пәнінен дәріс беріп, қызмет етеді. Кейін шаңырақ көтеріп, араға бірнеше жыл салып, қайтадан туған ауылына оралады.
Ал, ағаштан ыдыс-аяқ, өзге де бұйымдар жасауға бала кезден бейім болғанымен, нақты домбыра жасау ісіне 1998 жылы ден қойған екен. Домбыра жасау ісіне бейімделуіне алғашқы ұстазы Қанат есімді азамат зор ықпал жасаған көрінеді. Жеке шеберханада 12 жыл еңбек еткен ұстазынан кәсіби білім алып, бір жылдың ішінде ағаш кесу, ағаштың сапасын таңдау, домбыраны құрастыру сынды тағы басқа қажетті дүниелерді меңгеріп шығады.
-Ұстазымның айтуы бойынша, сол кезеңдерде жеті шанақты құрама домбыраны жасауды ертерек меңгерген Ресей елінің азаматы Александр Персин деген азамат болған екен. Бұл азамат қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың шақыртуымен, билік өкілдерінің қолдауымен Қазақстанға шақыртылып, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне тапсырыс бойынша бірнеше домбыра жасап береді. Ал, А.Персиннің шәкірті Жолаушы Тұрдығұлов менің ұстазымның ұстазы болған. Алғашқы жылдары домбыра жасау ісін көбіне тапсырыс бойынша орындап жүрдім. Алайда, жұмысы ұзақ уақыт алатындықтан, соңғы жылдары бұл кәсіптен қол үзе бастадым. Өткен жылы соңғы рет ауылдағы Әділет есімді жас балаға домбыра жасап бердім. Бұл жұмыс үш айға созылды. Домбыраның ағашын Алматы қаласынан ұстазым арқылы жеткізіп отырамын. Жақсы, сапалы домбыра жасау үшін бір жыл, кем дегенде алты ай уақыт жұмсалады. Өйткені, ағаш жақсылап кебу керек. Оның да өз уақыты бар. Бір тиектің өзі кейде 10-15 күн жасалады. Сондықтан, бұл кәсіптен келетін табыс отбасылы адамға тиімсіз болды. Сол себептен, қазіргі уақытта өзге бағыттағы жеке кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Алайда, арасында уақыт тауып, тапсырыс берген адамдардың өтнішін орындаймын,-дейді Б.Абдыхаимов.
Кейіпкеріміз ұстазының тапсырысы бойынша елімізге танымал әнші Рамазан Стамғазиевке де домбыра жасап берген көрінеді. Сондай-ақ, оның қолынан шыққан өнер туындысы Семей, Астана, Алматы қалалары, Жамбыл облысы аумағына, Қырғызстан еліне жөнелтіліп отырған. Мұнымен қоса Семей қаласындағы бір азаматтың дәнекерлігімен Ресей елінің Новосибирскі қаласындағы қазақ диаспорасындағы оқушыларға 12 домбыра жасап, жөнелткен екен. Жалпы, осы кәсіппен шұғылдану барысында шебердің қолынан 800-ден астам добыра құрастырылған. Бұл бір қарағанда, көңіл қуанатын жәйт. Өйткені, бұл азамат көпке ортақ өзге дүниені емес, тек өз ұлтымызға тән ұлттық аспабымыздың өзге елдерде дәріптелуіне аз да болса үлес қосты.
Бүгінде үш баланың әкесі Бақытжан Бейғазыұлы ауыл өмірімен біте қайнасып, өзіндік тіршілігімен күйлі күн кешіп келеді. Десе де, табысының тиімсіздігіне қарамастан, аз уақыт болса да, ұлттық аспабымызды ардақтап, оның мәртебесін асыруға үлес қосқан жерлесіміздің бұл ісін мақтан тұтамыз және алдағы уақыттағы тың бастамаларына тек сәттілік серік болсын демекпіз.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.