Ақпараттық портал

«Ауыл аманаты» – тұрғындардың табысын арттыратын жоба

Осы жылдың басында ел Үкіметі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында «AMANAT» партиясымен бірлесіп, республика бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Аталмыш жоба алғашқы қарлығаш ретінде Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде пилоттық негізде жұмыс істеп, өзінің жемісін берген еді. Берекелі бастаманың нәтижесінде ауылдағы ағайынның орташа айлық табысы 1,7 есеге артып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есеге, жұмыссыздық деңгейі 36 адамға қысқарған.

Ауқымы кеңейе түскен «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданымыздағы Қорағаты, Жаңа жол және Көкқайнар ауылдық округтері тұрғындарының 2,5 пайыздық несие алып, кәсіптерін дөңгелетуге мүмкіндік туып отыр. Ол үшін аталған ауылдардың азаматтары ең алдымен кепілге қоятын жылжымайтын мүліктің құжаттарын ретке келтіріп алғаны абзал.
Осы және өзге де мәселелерді түсіндірмекке облыс орталығынан келген меймандар жуырда аудан әкімдігінің бас ғимаратында жиын өткізді. Оған Шу қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері мен жауапты мамандары, салалық бөлімнің өкілдері шақырылды. Оларға облыс орталығынан келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің жер кадастры басқармасының бас сарапшысы – жерге орналастырушысы Абзал Баубеков және тіркеу басқармасының бас сарапшысы Данияр Әбдіқадыров жерге құқық беретін құжаттарды тіркеу, дайындау барысы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев қонақтарды таныстырып өткен соң, олар жоба туралы қысқаша айтып өтіп, жобаға қатысушы үш ауылдық округ әкімдерінің корпорация жұмысына қатысты сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, корпорацияның Шу аудандық филиалының басшысы А.Смағұлов та өз тарапынан түсіндірме жасап отырды.
Жиын барысында байқағанымыздай, ауыл тұрғындарының алдынан шығатын мәселе – тұрғын үй мен жер телімі құжаттарының дұрыс еместігі. Себебі уақытында тиісті рәсімдерді жасамай, дүниеден өткен кісілердің құқықтық құжаттарын ұрпағына ауыстыруға біршама уақыт кетіп жатады әрі сол үшін сотқа жүгінуге тура келеді. Соған байланысты корпорация қызметіне жүгінуде ұзын сонар кезек пайда болады. Ал, Арнұр Смағұловтың айтуынша, әрбір құжаттың дайындалуында белгілі мерзім бар. Ара-тұра арнайы база да істен шығып, жұмысты сиырқұйымшақ етеді. Сол үшін жасы ұлғайған жандар дер кезінде үйдің құжаттарын дұрыстап, мұрагерлеріне рәсімдегендері дұрыс. Өйткені алдағы жылдары облыстағы барлық ауыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысуы ықтимал. Әуре-сарсаңды азайту үшін осындай қадамдарға бару қажет. Мұны мәлім еткен Бақыт Аязұлы әкімдерге жұмыстарды қазірден бастап жүргізе беруді тапсырды.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.