Ақпараттық портал

алты айда атқарылған жұмыс ауқымды

Қоғамдық кеңестің алғашқы тоқсанға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 2023 жылғы 30 наурызда өткен кеңес отырысында аудан әкімі Б. Жәнібековтің «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы қорытындылары туралы» және аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаеваның «2022 жылы бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша атқарған жұмыстары туралы» есептері тыңдалды.
Бірінші мәселені қарау және талқылаудың қорытындысы бойынша аудан аумағында инвестициялық жобаларды толыққанды іске асыру, аудан халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында елді мекендерді табиғи газбен және таза ауыз сумен қамту жұмыстарын жандандыру, оның ішінде алты елді мекенге (Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекеті) газ құбырын тарту және ауыз су құбырының құрылысы қарастырылған елді мекендердегі жұмыстарға бақылауды күшейту, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, оның ішінде өсімдік шаруашылығында экономикалық тиімді дақылдарды егу көлемін арттыру, су үнемдеу қондырғыларын орнату жұмыстарын одан әрі жандандыру, жайылым жерлерді кеңейту жұмыстарын қолға алу, аудан аумағында азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бағаны тұрақтандыру және негізсіз өсуін болдырмауды тұрақты бақылауда ұстау жөнінде ұсынымдар енгізілді. Сонымен қатар, осы отырыста екінші мәселе бойынша бөліммен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, көрсетілу тәртібін, мерзімдерін сақтауды және мерзім бұзу фактілерін болдырмауды тұрақты бақылауда ұстау ұсынылды. Осы аталған ұсынымдар бойынша Шу ауданының 2022-2025жылдарға арналған даму жоспары аясында кәсіпкерлік саласында 2022 жылы 23 жоба 100 пайызға толықтай іске асырылды, құны 1871,0 млн.теңге. Нәтижесінде 135 жұмыс орны ашылды. 2023 жылы 2 902,5 млн. теңгеге 29 жобаны іске асыру көзделген. Ұзын саны 151 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 22 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген (Шу қаласы, Төле би, Абай, Ақсу, Оразалы батыр, Алға, Бірлікүстем, Балуан Шолақ, Белбасар, Жаңажол, Бәйдібек, Тасөткел, Бірлік, Далақайнар, Қонаев, Мойынқұм, Шоқпар. Шоқпар ст, Аспара, Құмөзек, Жиделі, Еспе бекеттері).
Аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 74,3 пайызды құрап отыр. Шу ауданы бойынша 139 451 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның ішінде 28 261 гектар суармалы, 111 190 гектар тәлімді егістік жерлер. 2022 жылы 131 258 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, 2023 жылы 132 800 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 542 гектар жерге артық орналастырылған. (102,1 пайыз).
Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 46,250 мың гектарға, майлы дақылдар 11,550 мың гектарға, қант қызылшасы 562 гектарға, картоп 1,7 мың гектарға, көкөніс 17,0 мың гектарға, бақша 12,3 мың гектарға, мал азығы дақылдары 41,0 мың гектарға егілген.
2023 жылы барлығы 11307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның ішінде 9046 гектар тамшылатып суару, 2261 гектар жаңбырлатып суару. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1217 гектарға ұлғайған.
Азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында ауданда орналасқан сауда үйлерінің және дүкендердің басшылықтарына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №439-НҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №68 бірлескен бұйрығының 4 тармағында көрсетілген «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда өнім берушінің сатып алу бағасының 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін асырмау» туралы талаптарына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын себепсіз көтермеу туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар, Шу қаласының орталық базарындағы сауда нүктелері иелерімен дүкен сөрелерінде маусымаралық сатылымға қойылатын пияз өнімдерін алу үшін шаруа қожалық басшыларымен екіжақты 23 келісім-шарт жасалған.
Қоғамдық кеңес аталған ұсынымдарды тұрақты бақылауда ұстауда. І-тоқсан ішінде барлығы аудан әкімінің 3 шешімінің жобасына, аудан әкімдігінің 2 қаулы жобасына ұсынымдар берілді.
Үстіміздегі жылдың 6-мамырында өткен кеңес отырысында «2023 жылдың вегетациялық кезеңінің басталуына суландыру жүйесі мен гидротехникалық құрылғыларды дайындаудың барысы қаралып, нәтижесінде 2023 жылдың 20-мамырына ауданның суландыру жүйелеріне ағын суды жіберу, 2023 жылдың 20 қыркүйегіне дейін Тасөткел су қоймасындағы су көлемін нақты анықтау мақсатында платинаның жоғарғы бьефімен байланыстыра отырып, топотүсірілім жұмыстарын жүргізу, үстіміздегі жылдың аяғына дейін жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында ауданда бар 85 бірлік вертикалды-дренаждық ұңғымаларды қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар қабылданды. Бұл мәселе де бақылауда тұр.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің ІІ-тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Шу аудандық полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Д.Бекбауловтың, «2022 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша атқарған жұмыстары туралы» аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құттыбековтің есептері тыңдалды. Мәселені қарау және талқылау барысында аудан аумағында қылмыспен күресті күшейту, оның ішінде аса ауыр, онша ауыр емес қылмыстардың (пәтер ұрлығы және т.б.) алдын алу бойынша пәрменді шаралар қабылдау, аудандағы елді мекендерде қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдау, түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалардың көңіл көтеру орындарына бару, оларға алкоголь және темекі өнімдерін сату деректерін анықтау бойынша кешенді шаралар өткізуді ұйымдастыру, аумақтардағы жеке күзетілетін нысандарда (кафе, бар, дискоклуб және т.б.) қылмыстылық жағдайын талдау, кәмелетке толмаған және жастар арасындағы нашақорлықтың алдын-алу және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жауапты мамандармен көрсетілетін қызметтерді ұсыну барысында заң бұзушылықтарға жол бермеу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алуын қамтамасыз ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты тұлғалар кезекті еңбек демалысында немесе тиісті себептерге байланысты жұмыс орнында болмаған уақытта, тиісті алмастырушы маманға «Е-лицензия» және басқа да ақпараттық жүйелерге рұқсат берілуін, ЭЦҚ арқылы жұмыстың жалғастырылуын бақылауда ұстау ұсынылды.
ІІ тоқсанда аудан әкімінің 8 шешімінің жобасына, аудан әкімдігінің 6 қаулы жобасына, аудандық мәслихаттың 1 шешім жобасына ұсынымдар берілді.
Е.Досымбаев,
Шу ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.