Ақпараттық портал

Қасиетті Мұхаррам айы құтты болсын!

Әуелі барша мадақ-мақтаулар мен хамд-саналар күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Мұхаррам айын жыл басы етіп, сыйға тартқан Ұлы жаратушы иеміз Алла тағалаға болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға с.а.у, ол кісінің отбасына, артынан ерген сахабаларына және қиямет күніне дейін оның ізінен ізгілікке ілесіп, сүннетін бекем ұстаған барша мұсылман бауырларға Алла тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!
Қасиетті Мұхаррам айы һижри жыл санауы бойынша жаңа жылдың бірінші айы әрі қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай, Алланың қасында ерекше құрметке ие болған, қасиетті төрт айдың бірі. Бұл жөнінде Жаратқан Алла Тәубе сүресінің 36-аятында Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалыАлланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі Зүлкағда, Зүлхиджа, Мұхаррам және Ражәб – құрметті айлар. Мұхаррам сөзі, «қасиетті, тиым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Пайғамбарымыз с.а.у. бұл мұхаррамды Алланың айы деп сипаттаған. Имам Нәсәи риуаят еткен хадисте ардақты сахаба Әбу Зарр р.а Уа Расулалла түннің қай бөлігі қайырлы, айлардың қайсысы абзал?-деп сұрайды. Сонда Алла елшісі с.а.у «Түннің қайырлысы соңғы бөлігі, айлардың абзалы өздерің мұхаррам деп атайтын Алланың айы» деп жауап берген. Мұхаррам айының оныншы күнін яғни, Ашура күнін оразамен өткізу сауапты іске жатады. Бұхари мен Мүслимнің сахих жинақтарында Ибн Аббастан р.а мынадай дерек келтіреді: Алла елшісі с.а.у Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза ұстап жүргенін көреді. Алла елшісі с.а.у олардан: – Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?-деп сұрайды. Олар: -Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз,-деп жауап берді. Сонда Алла Елшісі с.а.у – Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз – деді. Сөйтіп пайғамбарымыз с.а.у осы күні ораза тұтып, мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырды.
Тіпті, бір топ ғалымдар жыл он екі айдың ішіндегі қасиетті Рамазан айындағы парыз оразадан кейінгі ең абзал ораза болып есептелетінін, сонымен қатар, әр жыл басы қасиетті Мұхаррам айымен басталып әрі қасиетті Мұхаррам айына келіп аяқталатынын баян еткен. Мұхаррам айының оныншы жұлдызы ол Ашура күні басқа күндерден де қасиетті. Алла тағала көкті, жер жүзін ашура күні жаратты. Тауларды теңіздерді, әлемді және Адам ғ.с осы күні жаратты. Адам ғ.с осы күні жаннатқа кіргізілді. Ибрахим ғ.с осы күні туылды, және осы күні оттан құтқарылды. Аюб ғ.с осы күні ауыруынан жазылды. Адам ғ.с осы күні тәубесі қабыл етілді. Иса ғ.с осы күні дүниеге келді. Қиямет күні осы күні болады. Хасан әл-Басри р.а осы жайында «Шын мәнінде, Алла жылды Мұхаррам айымен бастап және осы аймен жылды аяқтайды. Сонымен қатар осы жылда, Алланың алдында қасиеттілігі себепті рамазаннан кейін Мұхаррамнан асқан ай жоқ» деген.
Құрметті жамағат! Һижри есеп бойынша 1445 жылға қадам бастық. Жаратушы иеміз Аллаға жалбарынып, өткен жылда жасаған күнәларымыз үшін жарылқау тілеп, өткен бір жыл бойы жасаған істерімізді есепке алып, жаңа һижри 1445 жылда Раббымызға шынайы тәубе қылып жүргеніміз жөн. Себебі, біздің өміріміз санаулы ғана күндерден тұратындығы белгілі. Олай болса, сол күндерімізді, әсіресе мұндай қасиетті айды өз деңгейінде пайдаланып, құлшылық-ғибадатпен толтырсақ, Раббымыздың мейіріміне бөленеріміз анық. Осы орайда ибн Омардың р.а мына бір сөзін келтіре кетсек орынды болар: «Кешті батырсаң таңды күтпе, ал таңды атырсаң кешті күтпе. Денсаулығыңнан ауруыңа және өміріңнен өліміңе пайда ал».
Ашура күнінің оразасына қоса мұхаррам айының тоғызыншы күні ораза тұтқан жөн. Имам Мүслім риуаят еткен хадисте Алланың елшісі с.а.у – Алла қаласа келесі жылы тоғызыншы күні де ораза тұтармыз-деп айтқан. Алайда Алланың елшісі келесі жылға жетпей көз жұмды. Ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қоса тұтудың бір мәнісі яһудилерге ұқсамау. Ибн Аббас р.а – Тоғызыншы және оныншы ашура күні ораза тұтып яһудилерден өзгешеленіңдер!-деп кітап иелеріне ұқсамау үшін ашура күнінің оразасына тағы бір күнді қосып тұтуға кеңес берген. Егерде бір себептерге байланысты мұхаррамның тоғызыншы жұлдызы ораза ұстай алмай қалса, онда он бірінші күнді ашураға қосып ұстауға мүмкіндігі болады.
Сондай-ақ, Мұхаррам айындағы құлшылық тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айды Алла қасиетті еткендіктен, зұлымдық атаулының барлығынан аулақ болып, керісінше Алланың разылығына жетелер қандай да бір ғибадат түрлерін мейлінше көбірек орындауымыз керек.

Т.Кәрібайұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.