Ақпараттық портал

Жол ережесін сақтау – қауіпсіздік кепілі

Жуырда аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Мурзакулов Ескелді Шорабекұлымен аудандағы жол белгілерінің маңыздылығына байланысты сұхбат жасаған едік. Мұны оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

-Ескелді Шорабекұлы, ауданымызда көлік жүргізушілерінің рөлде отырып көлік жүргізу мәдениеті, жол ережелеріне әсіресе, жол белгілеріне мойынсұну дағдылары қандай деңгейде деп шамалайсыз?
-Қоғамдағы ең басты байлық – адам өмірі. Көп адам жол ережесінен бөлек, жолдағы жүргізушінің де өзіндік мәдениетінің бар екендігін ұмытпауы керек. Біздің міндет – адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау, алдын-алу шараларын қамтамасыз ету. Бұл жалғыз біздің ғана жұмыс емес, құзырлы мекемедегі азаматтардың оң көзқарасы мен көмегінің арқасында ғана іске асатын жұмыс. Жердегі тиынды жалғыз саусақпен ала алмайсың ғой. Үш саусақ біріккенде ғана алақанға түседі, біздің жұмыс та сол сияқты.
«Менікі, сенікі» деген ниетпен жұмыс жүрмейді. Кез келген қауіптің алдын алу ұйымшылдық пен орындаушылық бірінші кезекте болса ғана мүмкін болады. Жалпы алғанда көлік тізгіндеген жүргізушілердің жол белгілеріне деген мәдениетін төмен немесе жоғары деп қорытынды жасауға келмейді.
Қауіпсіздік – жол жүру ережесін жатқа білумен ерекшеленбейді. Оны өзіңе, өзгеге деген құрметпен қолданған жөн. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық-әкімшілік кодексіне сәйкес жол көлік ережесін бұзғандарға жаза қатаңдатылған. Әр азамат осыны ескеруі қажет және көлік жүргізу кезінде жол ережесін сақтауы міндетті.
Арнайы «Қауіпті» деген аймаққа орнатылған ескертпе белгілер мезгілінен бұрын орнынан жылжып немесе майыстырылып, жол жиегіне шығып кетеді. Кейде мұны арнайы тоқтап, бұзып, лақтырып кететіндер бар. Мұндай істерге баратын азаматтар өзінің соңында келе жатқан қаншама жанның өміріне қиянат жасайтынын сезінбеуі әлі де кездесуде. Рөлде отырған азамат көлік жүргізу ережесін қатаң сақтап, жол белгілерінің бекерге қойылмайтынын ескеріп, қауіптің алдын алу шараларына өзінің де қатысы барын сезінсе ғана үрей азаяды.
-Қазір аудан мен қала көшелеріндегі зәулім үйлердің тұсында көптеген жүргізушілердің ренішін туындатып жатқан «жасанды жол кедергілері» бар. Мұндай жол ескертпелері қалай және кімдердің рұқсатымен қойылады?
-Осы тұста көпшілік бізді кінәлап жатады. Біздің саланың қызметкерлері ешқашан жеке азаматтарға мұндай жеңілдікке рұқсат бермейді. Көлік жүрісінің қаупі бар мектеп, балабақша, көпшілік жиі қатынайтын аумақтарға арнаулы стандартты, бұдырлы резеңкеден кедергі қойылады. Әркімнің өз үйінің тұсына бетон немесе тас араласқан жабындыларды төсеуіне рұқсат жоқ. Бәрі сол өз үйінің жанына орнатып алған өзім білермендер.Төле би ауылы мен Шу қаласы көшелерінің көп жерлеріндегі кедергілерді арнаулы нұсқамамен алдырып жатырмыз.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізбен қоян-қолтық жұмыс жасаса, ісіміз анағұрлым өнімді болар еді. Мысалы, қала ішіндегі 5 шақырым жолдың өзінде 40-тан астам ақаулы тұстар бар. Су жүйесінің торабындағы қақпақтар, жол жиегіндегі тым биік бардюрлер, автобус аялдамаларының қоршаулары, жаяу жүргіншілер жолағы, орталық базар тұсындағы ыңғайсыздықтар, тағы басқа кешіктіруді көтермейтін кемшіліктер жетіп артылады. Сондықтан, біз жоғарыда аталған бөлімге хабарлама нұсқаулықтар береміз. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» демекші, ол тараптан «қаражат қарастырылуда», «келесі тоқсанда», «әкімшілік сұраныста»-деген жауаптар жиі келеді. «Қазтрансавто» мекемесі жол белгілеріне байланысты нұсқамаларға айрықша көңіл бөліп, дер кезінде орындайды. Жол белгілерінің маңыздылығы жағынан үлкен-кішісі болмайды. Әр жол белгілерінің көлік жүрісінің қауіпсіздігін сақтандырудағы рөлі ерекше.
Республикалық маңызы бар «Шу-Меркі-Бурылбайтал» бағытындағы жолдың 26 шақырымы аудан территориясынан өтеді. «Батыс Қытай – Батыс Европа» бағытындағы 240 шақырымдық жолдағы қозғалысты үнемі қадағалауда ұстау оңай шаруа емес. «Тараз-Астана» қос жолақты магистральді жолы пайдалануға берілгелі транзиттік көліктердің жүруі көбейді. Көлік көбейсе, қауіп те көбейетіні белгілі нәрсе. Сондықтан жол белгілеріне құрметпен қарау рөлдегі азаматтардың ажырамас міндеті болуы қажет.
-Жыл өткен сайын аудан көлемінде жеке меншікті жеңіл және жүк көліктері көбеюде. Әрине, көлік көбейген сайын келеңсіз жәйттер де арта түсетіні белгілі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан аумағында жол көлік оқиғаларының орын алуы қаншалықты деңгейде?
-Біздің саланың қызметкерлері атқарған көптеген маңызды істердің байқала бермейтіні бар. Жол патрульдік қызметіндегі жігіттердің ерен еңбектері туралы көп айтуға болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында 76 жол көлік оқиғасынан 138 жолаушы жарақат алып, 16 адам қайтыс болса, 2023 жылдың алты айында 20 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 32 жолаушы жарақат алып, 3 адам қаза болды. Әжептеуір айырмашылықты байқатып отырған бұл көрсеткіштің азаюының нәтижесі жол патрулдік қызметкерлерінің жанкешті еңбектерінің арқасы деуге болады. Кей кездері қауіпті жол аймақтарында тәулік бойы көлік қозғалысын реттеп, күзетте тұратын жігіттердің еңбектері ерекше. Аудан жұртшылығына әсіресе, көлік басқарған азаматтарға айтарым, жол белгілерінің талаптарын орындау өзіне және өзгеге жасаған құрмет екенін сезінсе дегім келеді.
-Ескелді Шорабекұлы, маңызды мағлұмат бергеніңізге алғыс айта отырып, жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.