Ақпараттық портал

Қырағы сарбаздар – қауіпсіздік кепілі

Тәуелсіз Қазақстан үшін қастерлі дүниенің бірі – оның шекарасы екені анық. Себебі, шекара мемлекеттің тұтастығын түсіндіреді, азаттығын айғақтайды. Еліміздің шекарасының жалпы ұзындығы 13394 шақырымнан, Каспий теңізіндегі шекара ұзындығы 2000 шақырымнан астам. Отанымыздың батыстағы, солтүстік-батыстағы және солтүстіктегі шекарасының 7951 шақырымы Ресей Федерациясымен шектеседі. Ал Алтайдан Хан Тәңіріне дейінгі 1782 шақырым аумақ шығыс Қытаймен шекаралас. Сондай-ақ оңтүстігінде бауырлас Түрікменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғызстанмен – 1241 шақырым шекара бар.
Осы шекараны кірпік қақпай күзету, шекара бұзушылардың жолын кесу Шекара қызметіне жүктелген. Ықылымнан ауылымыз аралас болған айыр қалпақты ағайынның арасына орнатылған шекараның белгілі аумағында біздің Шу ауданы да орналасқаны белгілі.

Елімізде 18 тамыз – Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. Осыған сәйкес, егемен еліміздің шекарашылары осы күні өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. 1992 жылғы дәл осы күні Тұңғыш Президент Жарлығымен Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылып, 2000 жылы кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – Отанымыздың шекарасын күзетуге арналған арнайы қызмет. Жердің шетін жау баспасын деп күндіз-түні қырағылық танытып жүрген қырандар көршілес 5 елмен арадағы 15 мың шақырым болатын мемлекеттік шекараны шөл мен құрлықта, теңіз бен әуеде күзетуде.
Атаулы күнге орай басылым төрінен орын беріп, шекарашылар қызметінің қыры мен сырын оқырман қауымға жеткізбек үшін Шу ауданының аумағында орналасқан «Ақсу» шекара бөлімшесіне бас сұққан болатынбыз. Мұнда бізді Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментінің Меркі ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты осы бөлімшенің бастығы, капитан Н.Садир қарсы алды.
Нағымет Ерланұлының айтуынша, шекара қызметінің негізгі мақсаты – мемлекеттік шекараны сенімді күзету, жабайы жануарлардан басқа ешкімді ішке және сыртқа өткізбеу. Қордай, Шу және Меркі аудандарының аумақтарын қамтыған аталмыш бөлімшенің қызмет аймағы, күзететін шекараның ұзындығы шамамен 30 шақырымды құрайды.
Бөлімше ішін аралап көргенімізде стратегиялық нысан материалдық-техникалық базамен, тылдық қамтамасыз етумен толықтай жабдықталғанын байқадық. Сарбаздардың емін-еркін қызмет атқаруына ешбір кедергі жоқ. Асханадағы ас мәзірлері де бекітілген үлгіге сай берілуде.
– Бізде сеніп тапсырылған мемлекеттік шекараны күзету үшін барлық жағдайлар жасалған. Оның ішінде арнайы құрылғылармен, көлік құралдарымен, қызметтік иттермен тағы да басқа керекті дүниелермен толықтай қамтылған. Бұрын шекараны жылқымен күзететінбіз. Кейін үлкен жол салынған соң қиындықтарға байланысты жылқыларды басшылыққа тапсырдық. Бөлімшеге келер болсақ, барлығы 50 шақты қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде келісімшарт арқылы офицерлер, мерзімді әскери қызметшілер, техникалық қызметкерлер мен басқа да мамандар бар. Сонымен қатар, басқарма тарапынан Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар іріктеліп жіберіледі. Олар бекітілген күн тәртібіне сәйкес қызметін өткереді,-дейді Нағымет Садир.
Бөлімше бастығының айтуынша, аптаның әр күнінің жұмыс кестесі белгіленген. Шекарашылар бір күні саптық жаттығу жасаса, екінші күні із бақылау жолағын тексеру , тағы бір күні атыс қаруымен жаттығып жатады. Одан бөлек, айына 2 мәрте қарумен атып, мергендіктерін шыңдайды. Сондай-ақ, бөлімше бастығының қадағалауымен қызметтік жануарларға күтім жасау, көліктерді күтіп ұстау т.б жұмыстар жүргізіледі. Сол секілді қызмет көрсету түрлері де ерекшеліктеріне қарай бөлініп, тиісті уақытта қажетті шаралар қабылданып жатады.
Жыл басынан бері Қырғыз Республикасынан шекараны кесіп өту бойынша 2 дерек тіркелген. Мұны бізге мәлім еткен бөлімше бастығы шекараны заңсыз кесіп өтудің қандай жауапкершілікке соғатынын әңгімелеп берді.
– Бізде сәуір айында 2 мемлекеттік шекара бұзушысы ұсталды. Оларды осы бөлімшеде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздар ұстады. Бір ескеретін жайт, шекараны бұзушы ұсталған жағдайда іс ҚР қылмыстық кодексі бойынша қаралып, салдарына сәйкес қозғалады. Егер ұсталған азамат шекараны абайсызда бұзса, оның жеке басы анықталып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынып, өз мемлекетіне қайтарылады. Негізінде бізде мемлекеттік шекара режимін бұзушы және мемлекеттік шекара бұзушы деген ұғым бар. Алғашқысы әкімшілік жауапкершілік арқаласа, кейінгісіне қылмыстық іс қозғалады. Себебі, шекараны қасақана бұзу, контробандалық зат өткізу кешіруге келмейтіні белгілі.
Шекара қызметінде шекара сызығы және шекара аумағы деген межелер бар. Шекара сызығында біздің инженерлік құрал-жабдықтар орналасқан, 100 метр болатын аумақ. Ол ҚР Үкіметімен бекітілген осы Қырғыз Республикасымен шектескен аумақтарда солай бекітілген. Сонымен қатар, шекаралық аумақта азаматтардың құжатын тексеріп, жүру мақсатын сұрай аламыз. Егер, шетел азаматы құжатсыз жүрсе, оны бөлімшеге әкеліп, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Ал отандастарымыз болса ЖСН теру арқылы жеке басын анықтаймыз,-дейді бөлімше бастығы Н.Садир.
Нағымет Ерланұлы шекарашы болуды зор мәртебе санайды. Оның пікірінше, өзге әскери бөлімшелер соғыс жағдайындағы қорғанысқа әзірлік жүргізіп жатқанда, шекарашылар ел тыныштығын күзетіп, тікелей міндетін орындап жүр. Сонымен қатар, капитан шекарашы болуды әркімге бұйыра бермейтін баққа балайды.
– Менің атам шекара қызметінде жұмыс істеген. Оның алғашқы немересі болғандықтан, атам менің шекарашы болуымды қалады. Жалпы алғанда, біздің әулетті әскери әулет деп айтуға әбден болады. Ең алғаш мектеп қабырғасындағы оқуымды аяқтаған соң Алматы қаласындағы Шекара академиясына оқуға түстім. 4 жылдан соң офицерлік шен алып, шекара күзету қызметіне қабылдандым. Шекара қызметінде жүргеніме 10 жылдан аса уақыт болды. Бұған дейін Қордай мен Меркі аудандарындағы шекара бөлімшелерінде бастықтың орынбасары болып жұмыс істедім. Ал, «Ақсу» шекара бөлімшесінің бастығы болғаныма бір жыл болды. Бөлімше бастығы болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, тұтастай бөлімшенің жұмысын ұйымдастырып, маңызды шешімдерді қабылдауға ең алдымен қабілет, басшылық қасиет керек. Осы үдеден шығуға барынша тырысып жүрмін,-деген Нағымет Садир жастарды шекарашы болуға шақырды.
– Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осындай, ұшқан құстың қанаты талатын, алып атырапты бізге аманат етіп қалдырды. Оны көздің қарашығындай қорғау, сәбилердің шат күлкісін күзету әрбір ер азаматқа артылған міндет. Соның ішінде мемлекетіміздің шекарасын қорғау – зор мәртебе. Сондықтан, осы қызметке құлшыныс танытқан жастарды өзім білім алған Шекара академиясына түсуге, жұмыссыз жастарды келісімшарт негізінде қызметке келуге шақырамын. Ол үшін тиісті аумақтағы шекара басқармасынан немесе біздің бөлімшенің кадр қызметінен қажетті ақпарат алуға болады,-дейді Н.Ерланұлы.
Біз бөлімше бастығымен сұхбат құра отырып, шекара қызметінің қыр-сырына қанықтық. Көптеген сұрақтарға жауаптар алдық. Әрине, шекарашылар қызметінің кейбір жұмысы құпияға жататындықтан, оны жария етуге болмайды. Сондықтан біз сандарды болжаммен келтірдік.
Бүгінгідей дамыған заманда шекара бұзу деректері бұрынғыдай көп емес. Оның үстіне шекарашылардың қырағы көздері ешбір қозғалысты қалт жібермейді. Ауысым бойынша мұнараға мініп, айналаны ұдайы бақылап отырады. Біз бөлімшеден қайтуға бекінгенде қару асынған қос сарбаз шекараға қарай аяңдап бара жатты.
Расында, шекара шебінде жүру көпшілікке бұйырмайтын бақ. Тау мен таста, өзен мен көлде, құмды аймақ пен шөлде қас қақпай шекара күзету оңай жұмыс емес. Сол себепті, біз шекарашыларға шынайы алғыс айтып, жас буынға Отанға қызмет етудің һас үлгісі ретінде шекарашылар қызметін насихаттауымыз керек.
Өз кезегінде біз басылым арқылы шекарашыларды төл мерекелерімен құттықтап, ең ізгі тілектерімізді арнаймыз. Сондай-ақ, көпшілік атынан алғыс білдіріп, жұмыстарына толағай табыс тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.