Ақпараттық портал

Еңсерілген жұмыстар жайлы есеп берілді

Осы аптаның басында аудандық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ХХХХ есеп беру-сайлау конференциясы өткен болатын. Аталған жиынға «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы әрі облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Д.Бейсенқұлов, Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен өзге де партия мүшелері қатысты.
Ең алдымен жиналғандарға конференцияның күн тәртібі мен регламентін, басқа да мәселелерді таныстырған аталмыш партияның Шу аудандық филиалының төрағасы Б. Ниязбеков мінберге көтеріліп, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндамасын ұсынды. Атап айтқанда, Болатхан Кемелханұлы «AMANAT» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2021-2023 жылдары атқарған жұмыстарын жіпке тізіп, алдағы кезеңге арналған міндеттерді мәлім етті.
-Өздеріңізге белгілі, партия Жарғысына сәйкес партия органдары 2 жыл сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы міндеттерін айқындайды. Осы орайда, партияның аудандық филиалының есепті мерзімінде жүргізген жұмыстарға тоқталай кетейін. 2022 жыл саяси және тарихи оқиғаларға толы болды.
Мәселен, өткен жылғы 1 наурызда саяси ұйымның атауы «AMANAT» болып өзгертілсе, партия толық трансформациядан өтті. Сол секілді былтырғы маусым айында республикалық референдум өткізіліп, Ата Заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ қараша айында Президент сайлауын өткізіп, Мемлекет басшысын 1 ретке 7 жылдық мерзімге сайлап алдық. Сонымен қатар, биыл мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы тиісті деңгейде өтті,-деді Б.Ниязбеков.
Сонымен қатар, ол есепті кезеңдегі жұмыстарды санмен сөйлетіп, кейбір кемшіліктерге де тоқталып өтті. Баяндама соңында «Далақайнар», «Емхана», «Қонаев» БПҰ-ның жетекшілері атқарылған жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалап, өз ойларын ортаға қосты.
Сондай-ақ жиын барысында партияның аудандық филиалының Саяси кеңес мүшелерін сайлау мәселесі қаралып, кеңес мүшелерінің саны 21 адам болсын деген ұсыныс берілді. Делегаттардың басым даусымен ұсыныс мақұлданып, «Жаңақоғам» БПҰ-ның төрайымы Ұ.Оспанова құрамды таныстырып өтті.
Мұнан кейін үшінші мәселе бойынша шешім қабылданып, сөз кезегі Дауыл Бейсенқұловқа ұсынылды. Өз кезегінде конференция мейманы аудандық филиалдың атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, партияластарын алдағы міндеттерді мінсіз орындау жұмысына жұмылуға шақырды.
Одан соң делегат Н.Қилыбай «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХХII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау бойынша ұсыныс енгізіп, жиналғандар тиісті қаулы қабылдансын деген ұйғарым жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралған аталмыш конференция соңы «AMANAT» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің отырысына ұласты.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.