Ақпараттық портал

Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Бейсенбі күні өңірімізге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен келіп, ауданымызға қарасты екі ауылда жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Атап айтқанда, Нұрбек Қарауловтың жетекшілігіндегі Бірлік және Марат Елубаевтың жетекшілігіндегі Жаңақоғам ауылдық округтерінде өткен жиынға жергілікті тұрғындар көптеп жиналды. Аудан басшысы Б.О.Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасарлары екі ауылда да облыс әкімімен бірге болып, жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары да қатысты.
Бірлік және Жаңақоғам ауылдық округтері тұрғындары алдында аудан әкімі Б.Жәнібеков көпшілікке облыс әкімін таныстырып, кездесудің мақсатын түсіндірді.
Мұнан кейін сөз кезегін алған Е.Қарашөкеев күн тәртібіне сәйкес жұмыс регламентін ұсынды. Сон-дай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығына орай барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесу өткізуі және азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау жолға қойылғандығын, осы тапсырманы орындау барысында биылғы жылы 1556 кездесу өткізіліп, оның ішінде облыс әкімі 60 кездесу өткізсе, аудан, қала, округ әкімдерінің де бірнеше рет халықпен кездесуі өткізілгендігін, соның бірі бүгінгі жиын екенін айтып өтті. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға жалпы жиналыстан соң, азаматтарды жеке қабылдау жүргізілетіндігін, кез келген тұрғынның жеке сұрақтарымен қайырылуға болатындығын, бұл мақсатта облыс орталығынан өзімен бірге облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері де бірге келгендігін ескертті.
Ал, баяндама барысында ағымдағы жылдың тоғыз айында облыстық деңгейде атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша мәлімдеп, әр саладағы өндірілген өнім көлемін айта келіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемінің биылғы жылы төмендеп кеткендігін, оның нақты себебі – су тапшылығы болғандығын жеткізді. Бұл тұста мемлекет тарапынан шаруаларға қаржылық қолдау жасалып отырғандығын да назардан тыс қалдырмады.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, негізгі капиталға салынған өнім көлемі екі пайызға артқан. Тұрғын үй құрылыс саласында да алға ілгерілеушілік байқалады. Жұмыспен қамтудың есебінен 50 мыңнан астам адам шығарылса, оның 21 мыңын жастар құраған екен. Шу ауданында да халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, былтырғы жылы 38 жоба іске қосылса, биылғы жылы 137 жобаны жүзеге асыру көзделген. Алайда, аймақ басшысы тарапынан халық тұрмысын жақсарту бағытындағы барлық мәселе қаражатқа келіп тірелетіндіктен, қолға алынған жобалар біртіндеп жүзеге асырылатыны айтылды және кездесу өткізілген екі елді мекенде қолға алынған мемлекеттік жобалардың саны мен сапасы да тілге тиек етілді.
Бұл жөнінде аймақ басшысының баяндамасынан кейін әр ауылдық округтердің әкімдері жан-жақты мәлімдеп, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Округ әкімдерін мұқият тыңдаған Е.Қарашөкеев оларға шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі жөніндегі сауалын жолдап, нақты жауап алды.
Ал, жалпы сұрақ-жауап кезеңінде екі елді мекенде де тұрғындар облыс басшысына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарға қанық болды. Мысалы, Бірлік ауылдық округінде А.Нұржанов жеке меншікке өткен жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару, ағын су тапшылығын жою, округке жақын орналасқан мұнай өңдеу базасының ауаны ластауына қарсы қандай да бір шара қолдану, ауылдағы қысқа көшелерді көгілдір отынмен қамту мәселелерін көтерді. Ал, осы округтің тағы бір тұрғыны А.Алламбергенова келісімшартпен алынған жерге үй салғанымен, қазіргі уақытта алты жылдан бері жарық, су, газбен қамтылмағандығын, осы мәселеге көмек көрсетуін сұранды. Г.Қожамбердиева есімді тұрғын аяқасты қызы ауырған кезде шақырылған жедел жәрдем көлігі ешқандай қажеттілікпен қамтылмағандығын, мұны назарға алу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, тағы бір ауыл тұрғыны ауылдағы балабақшада орын жеткіліксіздігінен 20 бала Шу қаласындағы балабақшаға барып жүргендігін айтып, осы мәселені де назарға алуды өтінді.
Бұл күні Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындары да облыс орталығынан келген қонаққа өздерінің мұң-мұқтаждарын жеткізуден тыс қалмады. Алғашқы болып сөз алған осы округтің тұрғыны 15 жылдан бері ауыз суға жарымай отырғандығын, бұл бағытта мердігер ұйым атқарған жұмыс сапасыз орындалғандығын айтып, шағымданды. Ал, келесі бір азамат ағын су тапшылығының және оған себеп болған ағын су мәселесі төңірегіндегі заңсыз әрекеттердің салдарынан шаруақожалық иелері ойдағыдай өнімге қол жеткізе алмай, керісінше шығынға батып отырғандығын, алдағы уақытта осы іске заңмен тосқауыл қою қажеттігін алға тартты.
Бірлік және Жаңақоғам ауылдық округтері тұрғындары тарапынан көтерілген барлық мәселелер бойынша аудан әкімі Б.Жәнібеков және тиісті бөлімдер мен мекемелердің басшылары, округ әкімдері жауап беріп, аудандық деңгейде шешімін табуға болатын мәселелерді аудан басшысы өз бақылауына алса, кейбір сұрақтарға облыс әкімі жауап беріп, облыстық деңгейде қаралатын мәселелер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізді.
Сондай-ақ, Е.Қарашөкеев кездесу барысында келесі жылдан бастап ірі кәсіпорындарға 2,5 пайызбен несие беру қолға алынып, бұл бағытта облысқа да қаражат бөлінетіндігін, сол себептен ауылшаруашылығы жұмыстарына негізделген жобаларды ауданымызда да жүзеге асыру қажеттігін назарға салды. Екіншіден, ірі кәсіпорындарға өз жанынан кіші жобаларды жүзеге асыру талабы қойылғандығын да ескертті. Мұндағы басты мақсат – өз өңіріміздегі кәсіпорын басшылары осындай жаңашылдыққа дайын болу керектігін меңзейді.
Екі ауылдағы жиын соңында облыс әкімі тұрғындармен жеке сұрақтар бойынша қабылдау өткізді.
Дәл осы күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтің үйіне арнайы ат басын бұрып, қазыналы қариямен кездесті. Аймақ басшысы өнер иесінің ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегін, облыстың, еліміздің мәдениеті мен руханиятына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ, зор құрметтің белгісі ретінде иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді. Атап айтқанда, барша жерлестерінің мақтанышына айналған тұлғаның алдағы уақытта да абырой биігінен түспей, шығармашылық табысқа жетіп, ұзақ ғұмыр кешуіне ниеттестігін білдірді. Өз кезегінде тоқсанды алқымдаған ардақты ақсақал, дарын иесі Әбдімомын Желдібаев та облыс басшысына ризашылығын білдіріп, елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Кездесу барысында өнер, руханиятқа қатысты келелі әңгіме өрбіп, өңірдің мәдениет саласын дамыту бойынша бірқатар ой-ұсыныстар талқыланды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.