Ақпараттық портал

Медицина қызметкерлерінің талап-тілегі тыңдалды

Өткен жұма күні аудан әкімінің орынбасары Н.К.Сұлтанбаев аудандық орталық ауруханада және Шу қалалық емханасында медицина саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Мақсат – сала қызметкерлерінің қызметтік міндеттерге қатысты көкейлерінде жүрген, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді назарға алып, олардың түйінін тарқату жолдарын бірге қарастыру. Көпшіліктің пікірі мен ұсыныстарын ескеріп, өзара ой бөлісу.
Аудандық орталық ауруханада медициналық екпе алуға жергілікті тұрғындардың шақырту бойынша уақытылы келмейтіндігі, күре жолдан ауруханаға дейінгі жолды жөндеу, жарықтың жиі өшуінің сала қызметіне айтарлықтай кедергі келтіріп отырғандығы сынды мәселелер көтерілді.
Ал, қалалық емхана қызметкерлері ең әуелі қалалық ауруханамен бірігу мәселесі төңірегіндегі кейбір түсініксіз жайттарды алға тартты. Найман Кенжеханұлы бұл мәселе бойынша жоғарыдағы тиісті басшылық өкілдерімен сөйлесіп, зерделеп, алдағы уақытта нақты жауап беруге тырысатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, мұнда да медициналық сақтандыру мәселесі де күрделі күйде тұрғанға ұқсайды. Өйткені, кейбір салалар бойынша медициналық сақтандыру жарнасының төленбей қалған мерзімдері бар. Мұны емхана басшылығы қызметкерлердің кезекті еңбек демалысына шығуы кезінде жарнаның уақытылы аударылмай қалғандығымен байланыстырып отыр. Алайда, бұл тұста әр адамның жарнасының уақытылы аударылуы тұрғындардың өз денсаулығы үшін маңызды. Сол себептен, емхана басшылығы осы бағыттағы жұмысты ширату үшін жергілікті биліктен қолдау сұрады. Ал, қызылша ауруы бойынша екпе қабылдау толықтай орындалған және соңғы екі аптада қызылшаға шалдыққан науқастардың сандық деңгейі төмендеген. Емханада көтерілген тағы бір күрделі мәселе – жарықтың жиі өшуі. Бұл өз кезегінде пациенттерді қабылдауға үлкен кедергі яғни, қабылдау тоқтатылады. Өзге де аппараттардың жұмысы тоқтайды. Сол себептен, мұнда бір генератор алу қажеттілігі айтылды. Ал, маман жетіспеушілігінің алдын алу бағытында аудан әкімінің орынбасары тарапынан ата-аналармен, оқу орындарының басшылығымен сөйлесіп, жергілікті әкімдікпен қажетті мамандардың тізімін жасақтап, жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың жолдама арқылы өз өңірімізге келіп қызмет етуіне ықпал жасауға болатындығы айтылды.
Сондай-ақ, арнайы комиссиясы және жұмыс тобы құрылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келе жатқандығына қарамастан, дәстүрлі емес діни ағымдардағы тұрғындардың екпе қабылдауға қарсылығы да бұл күнде өзекті мәселелеге айналған. Сол себептен, Н.Сұлтанбаев қажет болса дін саласының мамандарымен, жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, жалпы аудан аумағында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қарсы еместігін білдірді.
Аталған екі медициналық мекемеде де ақ халаттылардың уәжіне зер салған аудан әкімінің орынбасары сала қызметіне тікелей қатысты және жиынға қатысушылар тарапынан туындаған қаңғыбас иттің көптігі, оқушылардың жолда шаршап-шалдығуын туындатып, психологиясына кері әсері болатындықтан ҰБТ -ны Тараз қаласынан емес, өз ауданымызда тапсыруға ықпал ету, автопарктен “Бауыржан” дәмханасына дейінгі аралыққа аялдама орнату секілді өзге де мәселелерге зер салып, кейбіреулерін бақылауға алып, алдағы уақытта нақты жауаптар жолдайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, Найман Кенжеханұлы оңтайлы сәтті пайдаланып, медицина саласынан басқа жалпы қоғамдағы өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, жиылған қауымды өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлуге шақырып, осы тұрғыдағы келелі ой-пікірін ортаға салды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.