Ақпараттық портал

Еңбегімен елге үлгі болған

Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылатын сот билігі – мемлекеттік билік тармақтарының бірі. Оның мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын,
Конституция мен заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Сот билігін жүзеге асыруда аянбай қызмет жасап, көптің көңілінен шығып жүрген жандардың өмірі барлығымыз үшін үлгі-өнеге. Сондай жандардың бірі – мемлекеттік қызметкер Абуева Анар Байтұрғанқызы.
Анар Абуева 1964 жылы 9 қаңтарда киелі Шу өңірінде дүниеге келген. Сот жүйесіндегі еңбек жолын алғаш рет Шу аудандық сотында 1985 жылы сот мәжілісінің хатшысы болып бастаған ол 39 жыл бойы бір мекемеде қызмет атқаруда. Осы жылдар ішінде білікті заңгер ұжым арасында іскерлігімен беделді әріптес, қоғам мен мемлекет алдындағы мемлекеттік қызметін үлкен жауапкершілікпен атқара білген қызметкер, жұмыстан тыс уақытта қарапайым әрі зор адамгершілік қасиеттерге ие адам ретінде көпшілікке танымал.
Ұзақ жылдар бойына жасаған адал да қажырлы еңбегі басшылық тарапынан ескеріліп, түрлі кұрмет пен марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, 2012 жылы ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (ҚР Жоғарғы Сотының аппараты) III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, 2022 жылы II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық сот төрағасы мен «ҚР Судьялар Одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы басшысының, Жамбыл облысының және Шу ауданының әкімдерінің берген марапаттары да аз емес.
Ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған осындай марапат иегерінің зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шығуына да жақын қалды. Ата-анасының тәрбиесін көрген балалары да қоғамның әр салаларында қызмет етуде.
Cот жүйесі саласында абыроймен қызмет атқарып жүрген жандардың еңбек жолдары мен өмір жолдары кейінгі жас ұрпақ үшін әрқашан үлгі болып қала бермек.
Құрметті әріптестер, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, барлығыңызға мықты денсаулық, толайым табыс, отбастарыңызға амандық, ырыс пен береке, елімізге өркендеу тілейміз!

Шу аудандық сотының
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.