Ұлы мұрамызды ұлықтаған күн
“Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра” деп сонау ықылым замандардан құндылығын бір мысқалға да жоғалтпай, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылығымыздың бірі – домбыра екендігі әмбеге аян. Өн бойына өр халықтың
тарихын боямасыз сақтап, қос шанағынан күй арқылы төгілтіп-төгілтіп жіберетін ұлттық аспабымыздың құдіреті ме дерсіз?
Ұлттық болмысымызды танытатын, рухымызды оятатын басты киеміз домбыраны қалайша құрметтемеске?!
Ұлттық домбыра күні – 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде қазақтың төл аспабының күні ретінде тойланып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс” – деп лайықты бағасын берген қасиетті домбыраның бағасы жыл сайын артуда.
Осыған орай, біздің Шу өңірінде де ұлттық руханиятымызды дәріптейтін ауқымды шара өтті. Халқымызда ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырабымыздың әр тасына бүккен сыр-сипатын қос ішекті домбыраның шанағынан төгілткен күйшілер әр дәуірде дүбірлеп өткені бай тарихымыздан белгілі. Сан қырлы өнер иелері түлеп ұшқан қасиетті Шу өңірінен бір күйші шығуы да заңдылық. Бұл күндері күйші десе, Әбдімомын Желдібаев, күй десе “Ерке сылқым” күйі бірден ойға оралады. Сондықтан Ұлттық домбыра күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінің алдында 300-ге жуық домбырашы бір мезетте “Ерке сылқым” күйін шертті.
“Жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы-қазақтың қара домбырасы” деуге толықтай негіз бар. Ғалымдар домбырада ойналатын жеті мыңнан астам күй бар деседі. Солардың бүгінде екі мыңдайы ғана айналымда жүр екен. Ал, жер бетінде қазір осыншама репертуары сақталған бірде-бір аспап жоқ. Ендеше, сан мыңдаған ғасырдан бүгінге сақталып жеткен домбырамыздың абыройын асқақтату-бізге парыз. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Сондықтанда ұлт болып осы жолда тер төгейік!
Айғаным Асқарбек.