Ақпараттық портал

Би арқылы бағындырған биік шың

Әр бала өмірге шыр етіп келгенде-ақ тәңірі тал бойына талантын дарытып, өзгелерден дараланар дарынын беріп қояды екен. Содан болар, бесіктен белі шықпай жатып-ақ жұлдызы жанып,
ел аузына ілігеді. Бар өнердің
бастауы сол он саусақтан басталады
емес пе?!
Дана халқымыздың «он саусағы майысқан», «он саусағынан бал тамған», «он саусағынан өнер тамған» деуі де содан болар?! Ал, сол он саусағы майысып қана қоймай, буын-буынын қозғалтып билеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған қоса бишілікке ыңғайы бар жеткіншектерді тап басып танып, өнерге бейімдеу де үлкен шеберлік.

Міне, сол асқан шеберліктің үдесінен шығып жүрген «Арнал» би студиясының жетекшісі Айнұр Мәлік шулықтарға кеңінен танылып, талай жетістіктерімен көпті сүйсінтіп жүр. Ол бала күнінен-ақ, яғни жеті жасынан бастап биге икемделіп, бойындағы талантын біліммен ұштастырған. Оған дәлел, ол Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өнер институтын және Би-режиссерлік Пекин ұлттар университетін тәмамдап, жоғары дәрежелі биші деген атақты алады. Қытайда жүргенде 2008 жылы Шыңжаңда өткен қазақ арулары арасында модель жеңімпазы атанып, ал 2015 жылы өткен ұлттар арасындағы дәстүрлі би байқауында қазақтың “Қара жорға” биін билеп, алтын медаль алады. Міне, осындай атақ-абыройға ие болған өнерлі қандасымыз төрт жылдың ішінде Шу өңірінің талантты жастарын да абырой биігіне көтере алды. Жеткен жетістіктер мен бағындырған жеңістердің санында шек жоқ. Оны талай “Шу өңірі” газетінің кезекті сандарында жариялап келеміз. Бүгін де бір үлкен жетістікті паш етудің сәті түсіп отыр.
Айнұр Мәлік жетекшілік ететін «Арнал» би студиясы ағымдағы жылдың 30 маусымында Астана қаласында өткен «Бала шабыты» халықаралық конкурсы аясындағы «I`m super star» атты дарынды балалар мен жастарға арналған байқауда топ жарды. Атап айтсақ, Абдуалиева Асылжан «Күміс сыңғыры» атты жеке биімен, Еркін Диана Марданқызы «Білезік» атты жеке биімен, Еділ Айша Рустемқызы «Қарлығаш» атты жеке биімен үш бірдей бас жүлде алып, Шу ауданының абыройын Астана төрінде асқақтатты. Бұған қоса, Еркін Еркеназ Талғатқызы «Ерке сылқым» биімен, Мүсіреп Парасат Русланқызы «Үкілі қыз» биімен І-орын алса, Сарсембай Ұлжан Саматқызы «Аққу» биімен, Рустенбек Айзере «Домбыра» биімен ІІ-орындарды қанжығаларына байлап қайтты. Сондай-ақ, «Айгөлек» қазақ биімен тағы бір бас жүлде, «Кесе биімен» бас жүлде, «Буын биі» және «Тұлпар биімен» І-орынды иеленді. Ал, кіші топ бишілері «Ұйғыр» және «Ұлу» биімен ІІ-орынды алып, «Арнал» би студиясының жұлдызын жағып, ата-аналардың қуанышын еселеді.
Бұл жетістіктердің артында үлкен табандылық, тынымсыз еңбек жатқаны айтпаса да белгілі. Шу жерінен бірнеше қашықтықта жатқан Астана қаласына 58 оқушыны алып барудың өзі асқан жауапкершілікті талап етеді. Бұған қоса әр ата-ананың қас-қабағын бағып, әр баланың кастюмінің бастан-аяқ тігіліп, өздеріне құйып қойғандай жарасымды болып шығуына тер төгу де оңай жұмыс емес. Еңбектің бағаланғаны болар, «Бала шабыты» халықаралық конкурсы аясындағы «I`m super star» атты дарынды балалар мен жастарға арналған байқауда «Арнал» би студиясының жетекшісі Айнұр Мәлікке 50 000 теңге қаржылай сыйлық берілді.
Қандай өнер болмасын жан-тәніңмен беріле айналысқанда ғана биіктерге шығаратыны сөзсіз. Жеткен жетістікке тоқмейілсу “Арнал” би студиясына тән емес. Тек сыртқы келбетті ғана емес, өскелең ұрпақтың рухани ішкі жан-дүниесінің баюына да мол үлес қосатын би өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Айнұр Мәліктің шәкірттері әлі талай сайыстарда топ жаратынына сеніміміз мол.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.