Ақтөбе ауылындағы айрықша қуаныш
Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – мемлекеттік тұрғыдағы маңызды іс. Демографиялық ахуалдың жақсаруына орай елді мекендерде балалар бақшасы көптеп қажет. Соңғы жылдары осы іске кәсіпкерлердің тартылуы бізді бек қуантады.
Қуанышқа орай, ауданымызда жеке кәсіпкерлер ашқан балабақшалар саны артып келеді. Олардың қатарына Ақтөбе ауылында ашылған «Құлыншақ» атты балғындар ордасы қосылып отыр.
Ақтөбелік ағайындардың қуанышына ортақтаса барған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов жаңа балабақшаның ашылуына қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Ауылдарында қоныс тепкен қос қабатты білім нысанының ашылғанына ауыл тұрғындары риза болысты. Әрі 100 орындық балабақшаға бастамашы болған Жамбыбай Құлыншақбаевқа ақ баталарын арнап отыр.
Шараның ашылуында Ақтөбе ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмабек Байдәулетов пен ауыл қариясы Бейқұт Қалымбетов сөз алып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ақсақалдар ықыласына Бақытжан Оразалыұлы мен Жасұлан Әлкенұлы әумин десіп, ауыл тұрғындарына, ата-аналарға өз құттықтауларын білдірді.
-Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы бізге нақты тапсырмаларды жүктеген. Қазіргі таңда балабақша салу ісіне жеке кәсіпкерлер жақсы ден қойып отыр. Осылайша, олар қос тарапқа да тиімді қадам жасап келеді. Бүгінде ауданымызда 23 мемлекеттік, 25 жекеменшік, 14 шағын орталық бар. Олардың қатарына «Құлыншақ» балабақшасының қосылғаны баршамызға құтты болсын! Елдің ертеңі саналатын балаларымыз білімді, алғыр әрі ақылды азаматқа айналсын! Ауылға осындай игілік сыйлаған жеке кәсіпкерге шынайы алғыс білдіремін,-деді аудан басшысы.
Мұнан кейін жаңа білім ошағының қызыл лентасы салтанатты түрде қиылып, құрметті қонақтарға қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Сондай-ақ ел тілеулерін тілеген ақ жаулықты әжелер шашу шашып, шара қонақтары балабақша ішін аралады.
Ауыл балаларына есігін айқара ашқан балабақша заманауи үлгіге сай жабдықталған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Әр бөлме жеткіншектердің жас ерекшеліктеріне сай безендірілген. Мектепке дейінгі білім беру орнында балалар спортпен айналысып, музыка пәнін үйренуге мүмкіндігі бар.
-Жаңа балабақша ауылымызға өзгеше реңк беріп отыр. Ал балалар болса қараса көз тоятын орында тың серпінмен білім алып, тынығып, ойнай алады. Ауылымызда қалаға бергісіз әсем балалар бақшасын салып, болашақтың қамын жеген кәсіпкер Жамбыбай ағамызға ерекше алғыс, ісі ілгерілей берсін. Ауылдастарымның қуаныштары құтты болсын,-деп ризашылық білдірді А.Рахымбаев.
Иә, келешек үшін жасалған ең қайырлы қарекет – балалардың біліміне жұмсалған шығын. Өйткені сапалы білім, саналы тәрбие алған өрендер ертең елдің тұтқасын ұстайды. Олардың осындай сипатқа ие болуы үшін мектепке дейінгі тәлім-тәрбиесі түзу, оған жасалған жағдай жақсы болғаны жөн.
Байжан Емберді.