Ақпараттық портал

Жат ағым жарға жығады

Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең үлкен қатерлердің бірі – жат діни ағымдардың жетегінде кету. «Жат ағым жарға жығады» деген сөз тек әдемі құрастырылған тіркес емес, бұл – талай тағдырдың тәлкекке түскенін, қаншама берекелі шаңырақтың ойран болғанын көрсететін ащы да шынайы өмірлік шындық.
Халқымыз ғасырлар бойы ұстанып, жанына серік еткен дәстүрлі дініміз бен қасиетті ұлттық құндылықтарымыздан ажырау – ұлт ретінде құрдымға бастайтын ең төте жол. Сананы улайтын мұндай теріс ағымдар, ең алдымен, адамды өзінің туған мәдениетінен, салт-дәстүрінен және елінен бездіруге тырысады. Олар барлық халықты бір қалыпқа салып, өздерінің тар түсінігіндегі идеологияны ғана дін деп тықпалағанымен, бұл үрдіс Алла Тағаланың жарату хикметіне мүлдем қайшы келеді. Себебі, Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімнің «Хұжурат» сүресі, 13 аятында:
«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлттар мен ру-пайпаларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың Шүбәсіз, Алла – Алим (толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы)!» деп анық баяндаған. Бұл аят әр ұлттың өзіндік тілі, киімі, ізгі салты мен ерекше мәдениеті болуы – Алланың адамзатқа берген үлкен нығметі мен заңдылығы екенін көрсетеді, ал оны мансұқтап, жоққа шығару – нағыз адасушылық. Жат ағымдардың тағы бір үлкен қасіреті – олардың адамды ең жақын жанашырларына, яғни туған ата-анасына, бауырларына қарсы қоюы. Олар өздерінің көзқарастарына ермеген жақындарын «дінсіз»деп айыптап, отбасылық байланыстарды үзуді насихаттайды. Ал ислам шариғатында ата-ана өзге дінде болған күннің өзінде оларға құрмет көрсету бұйырылған. Құранның «Лұқман» сүресі, 15 аятында ата-ана баласын діннен шығаруға тырысқан жағдайдың өзінде: «Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол, үнемі қарайласып тұр» деп әмір етілген. Осы орайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Туыстық байланысты үзген адам жәннатқа кірмейді»деген (имам Бұхари).
Ислам дінінде халықтың сенімі мен ар-ожданына нұқсан келтірмейтін, Аллаға серік қосуға алып бармайтын кез келген игі әдет-ғұрып жоғары бағаланады. Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Мұсылмандар жақсы деп санаған (көрген) нәрсе – Алланың қасында да жақсы. Ал мұсылмандар жаман (бұрыс) деп санаған нәрсе – Алланың қасында да жаман»деген. Сондықтан ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінің құралы болып келген ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дініміз – біздің рухани қалқанымыз екені даусыз. Егер біз бұл қорғаннан айырылып, санамызды жат ағымдардың бүлікшіл идеяларына торлатсақ, ел ішінде іріткі туындайды.
Дәстүрлі емес, теріс діни ағымдардың адам өміріне және қоғамға тигізер зардабы шаш-етектен.
Олардың негізгі зияндарын былай жіктеуге болады:
1. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару: Жат ағымның жетегінде кеткендер ең алдымен өзінің туған тарихын, салты мен дәстүрін, ана тілін «бидғат» (дінге енген жаңалық) деп санап, одан бас тартады.
2. Отбасының бүлінуі: Теріс идеологияға уланған жан өзінің туған әке-шешесін, бауырларын «дінсізге» балап, олармен қарым-қатынасын үзеді. Осының салдарынан қаншама отбасы ажырасып, балалар жетім қалып жатыр.
3. Отанға деген сүйіспеншілікті жою: Олар үшін мемлекеттік рәміздер, заңдар мен Отанды қорғау ұғымдары құнсызданады. Бұл – мемлекеттің тұтастығына төнген үлкен қауіп.
Нағыз ислам діні – көркем мінез бен бейбітшіліктің, ата-ананы құрметтеу мен Отанды сүюдің діні. Бұл індеттің алдын алу және жарға жығылмау үшін мынадай қадамдар маңызды:
1. Діни сауаттылықты арттыру: Діни сұрақтар туындағанда ғаламтордағы беймәлім парақшалардан емес, ресми Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бекіткен мешіт имамдарынан, ресми сайттардан (мысалы, muftyat.kz) жауап іздеу керек.
2. Ұлттық тәрбиені күшейту: Балаңа дінді үйретпесең, дінсіз біреу үйретеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына имандылықпен бірге ұлттық рухты, Абайдың қара сөздерін, Шәкәрімнің және қазақтың би-шешендерінің ғибратты сөздерімен өмірлік тағылымды бойларына сіңіру қажет.
3. Сын тұрғысынан ойлау: Кез келген ақпаратты соқыр сеніммен қабылдамай, оның ақ-қарасын ажырата білу маңызды.
Қорыта айтқанда, жат ағымның жетегіне алғаш түскен адамға бәрі керемет, өте түзу әрі әділетті жол сияқты көрінеді. Оған жылы сөйлейді, «нағыз шындық осы» деп сендіреді, «бауырым» деп құшақ жаяды. Алғашқы қадамдар өте тартымды әрі жеңіл көрінгенімен, уақыт өте келе ол жолдың соңы тұйыққа тіреледі. Тау ішіндегі соқпақ сияқты, жүре келе тарылып, соңында адамның адасып, жардан құлауына әкеледі. Яғни, сырты жылтыраған идеологияның арты үлкен қасіретке, отбасынан безінуге, елге қарсы шығуға алып барады. Жат ағымның құрбаны болған адам тек өзін ғана емес, өзін жақсы көретін жақындарының да өмірін улайды. Отанды сүюдің иманнан екенін ұмытып, елге іріткі салу – мемлекет болашағына балта шабумен тең. Адамның діни немесе тарихи білімі төмен болса, оның санасына кез келген теріс идеяны құйып, тез арада улап тастау оңай. Өрмекшінің торына түскен шыбын сияқты, сауатсыз адам да радикалды уағызшылардың торына қалай түскенін байқамай қалады. Бұған қарсы жалғыз қалқан – дәстүрлі құндылықтарды ту ету.
Дәстүрлі құндылық дегеніміз – тек қана қазақтың салты емес, бұл біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы дін мен дәстүрді егіз ұғым ретінде тең ұстап, елді бірлікте сақтап келген сара жолы. Ол жолда – үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға бағыну, Отанды қорғау және бейбітшілік бар. Еліміздің тыныштығы – біздің ең басты байлығымыз. Оны сақтап қалу үшін әрбір азамат көзін ашып, дінді де, тарихты да өркениетті түрде оқып, ұлттық болмысынан ажырамауы тиіс. Біз өз құндылықтарымызды мақтан тұтқанда ғана сырттан келген жат идеология біздің іргемізді сөге алмайды.

Алмас Кенжемолдаев,
Шу ауданының бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.