Мемлекеттік тілдің мәртебесі арта түсті
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, мәртебелі тұмары әрі ажырамас белгісі. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бері, қолданыс өрісі кеңейді. Бүгінгі күнде қазақ тілінің өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар және басқа да салаларда рөлі арта түсті деуге болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда көрнекі ақпаратқа қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойып, 2022 жылдың 22 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұл заңның мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу, көрнекі ақпараттағы қазақ тілінде жазылатын мәтіннің сауатты жазылуын жүзеге асыру. Ең басты өзгеріс, бұған дейінгі заң міндетті түрде қазақшасымен қатар орыс тілінде болуын міндеттейтін. Ал ендігі жерде мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана орыс немесе басқа да тілдерде орналастыруға, сондай-ақ хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
ҚР «Тіл туралы» Заңының 19-бабында еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атаулары мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес жазылып келсе, енді тек қазақ тілінде ғана жазылатын болады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар, айталық, «Тоқта», «Қауіпті бұрылыстар», «Жол жұмыстары», осы сынды өзге де жазбалар мемлекеттік тілде жазылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері, мысалы: «Билайн», «Мегафон», «Coca Cola» әлемдік қолданыстағы терминдер өзгеріссіз жазылады.
Бұл түзетулер қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады және әрбір азаматтың, әсіресе, кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп сенім білдіремін.
Ендігі жерде жаппай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ауданымыздағы көрнекі ақпараттың талапқа сай орналастырылуын қадағалауымыз қажет.
Қарлығаш Файзуллина,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.