Шара апайдың төл шәкірті
Аудандық Мәдениет үйінің сайдың тасындай іріктелген өнерпаздары арнайы шақыруды алған соң мәжіліс өтетін залда бас қосты. Көп кешікпей сол кездегі Мәдениет үйінің директоры, әрі көркемдік жетекшісі Әбекең, Әбдімомын Желдібаев төрге қарай бет алды. Өзімен бірге ілесіп келе жатқан жас қызға: «Қарағым, алдыңғы қатарға жайғасып отыра тұр»-деп жөн сілтеді. Абыр-сабыр болып отырғандар сілтідей тынып, басшысына құлақ тосты. Осы кезеңде «Ерке сылқым» күйімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген күйші-композитор көтеріңкі көңіл-күймен былай деді:
-Қадірлі әріптестер, мен жаңа ғана алдарыңызда отырған ауызға үріп салардай жас қызды жұмысқа қабылдадым. Аты-жөні Ержанова Ажаркүл Тоқтарбайқызы. Кіндік қаны тамған жері де, туған елі де Новотроицк селосы. Максим Горький атындағы орта мектептің үш классын бітірген. Содан кейін Алматыдағы хореографиялық училищесінде сегіз жыл бойы дәріс алған. Мамандығы бойынша халық билерінің әртісі. Бір сөзбен айтқанда ұршықтай иірілген мың бұралған биші.
Өздеріңізге аян, осы уақытқа дейін өзімізде биші болмағандықтан Алматы, Жамбыл және тағы басқа қалалардан биші жалдап, басқа амалымыз жоқтықтан орынсыз қаржылай шығынға жол беріп келдік. Құдайға шүкір, Ажаркүліміз аман тұрғанда ешкімге де жалынбаймыз. Ең бастысы, ұлттық би өнері біздің ауданда да өркендеп дамитын болады. Тағы бір айрықша айтарым, Ажаркүл Тоқтарбайқызы хореографиялық училищені ойдағыдай тәмамдағалы бері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ән-би ансамблінің құрамында еңбек еткеніне төрт жылға жуықтаған. Қызымыз өз ансамблімен бірге бірталай шетелдерге гастрольдік сапармен барып қайтқан. Осындай би дегенде ұршықтай иірілетін талантты жасты туған жеріне әкелу оңай болған жоқ. Сондықтан Ажаркүл қызымыздың қадір-қасиетін жоғары бағалайық… Ал, басқа да сауалдарыңыз болса сұрап қалыңыздар.
Орта жастан асқан жігіт ағасы:
-Әбеке, бұл қыз балаға, училищеде кім сабақ бергендігін айтпадыңыз ғой,-деді.
-Өте орынды сұрақ. Бұл қыз ұлттық би өнерінің падишасы атанған, әрі қазақ биін бар әлемге паш еткен Шара Жиенқұлованың алдын көрген, білімін алған. Қысқасы, әлемге әйгілі Шара апайдың төл шәкірті.
-Ойпырмай, Әбеке-ай өзімізге бір бишіні таппай қоймаймын деп бел буған едіңіз. Басқа емес, әйгілі Шараның баптап өсірген талантты түлегін тапқаныңызға мыңда бір алғыс. Әріптесінен қалып қойғысы келмеді ме тағы бір әнші келіншек қолын көтерді. Әбекең оны байқап, басын изеді.
-Шара Жиенқұлованы шын мәнінде білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Ол кісі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Халық әртісі. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Ұлттық би өнерін асқақтатудың арқасында туған халқымен шетелдіктердің жүректерінен орын алды. Осындай аты аңызға айналған апайдың бір шәкірті біздің Шудың қызы дегенге қуанғандықтан, төбем көкке екі елі жетпей-ақ қалды,-деп тереңінен тебіренді.
Бұдан кейін бір актер жігіт: «Әбеке, жаңа бір сөзіңізде бұл қызды ауылға алып келу оңайға түспеді,-деп айтып қалдыңыз. Оның сыры неде?».
-Бұл да өте орынды сұрақ екен. Бұл қызды аттай қалап, Мемлекеттік ән-би ансамблінің директоры Тарғақов мырзаға жолықтым. Ол бірден келісе қойған жоқ. Өйткені, өзімізге де жас кадр аса қажет деп, айтқанынан қайтпады. Ажаркүлдің өзімен де жеке сөйлесіп едім «Ағай, мені жылы орнымнан қозғамай-ақ қойсаңыз қайтеді?»-деп жауабын ашық айтты. Сонымен қатар, анасы Қатипаның: «Қызым-ау, елдің баласы Алматыға жете алмай жүргенде сенің ауылға қайтамын дегенің қай сасқаның?» деген сөзін де көлденең тартты. Жастық шақ жалынымен бірге үлкен қалада, көрнекті сахналарда өнер көрсетіп жүрген жас бишінің де ой арманын түсінуге болады ғой. Дегенмен Әбекең келесі жолы барған кезінде Ажаркүл Тоқтарбайқызы туған жері мен өскен елін аса қадірлегендіктен бұрынғы райынан қайтып қалғандай көрінді. Тоқ етерін айтқанда, осындай өзара түсіністіктен кейін жерлесіміз жылы орнын тастап, өз ортамыздан табылып отыр,-деді.
Бұл бас қосу 1980 жылғы қаңтар айы болатын.
Туған жері, туған елі құшақ жая қарсы алғандықтан Ажаркүл Тоқтарбайқызы алғашқы күннен өз қызметіне білек түріп, белсене кірісті. Сол тұста Гүлзахар, Жаухар, Гаухар, Доғдыркүл, Гүлзағира, Қаншайым, Мая және тағы басқа да әнші, домбырашы және актер болып жүрген бойжеткен қыздар би өнеріне икемдік танытады. Осындай жастардың талабын қуаттаған Ажаркүл өз білгені мен көргенін олардан аяп қалмады. Әрине, кімнің болса да би билеп кетуге бірден ыңғайы бола бермейді. Осыны жақсы түсінген тәлімгер биші әр талапкердің қабілетіне қарай көмек көрсетуден шаршап, шалдыққан емес. Би өнері өте бекзат өнер. Оны сөзден гөрі қимылмен көрсеткен ләзім. Осындай биік мақсат жолында тер төккен биші қыз «Шу еркесі» ансамблінің көрсеткен өнерін би әлемімен толықтыра түсуге аса құштарлық танытты. Ізденіс нәтижесінде ең алдымен Ә.Желдібаевтің «Ерке сылқым» күйінің құрметіне би қойылды. Бұл биді Ажаркүл жалғыз өзі билеп, көрермендердің көзайымына айналды. Бұдан кейін «Шу еркесі», «Сұлутөр», «Еңбек тойы», «Шопандар биі» және тағы басқа асқақ әндер шырқалған кезде буынсыз бишілер музыка ырғағымен әсерлі қимылдарымен көрсетіп бақты. Сондай-ақ, Ажаркүл әр мерекеге байланысты неше түрлі билерді қояды. Әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әскери киіммен «Солдат биін» билеп шыға келген кезде кеуделерін жауынгерлік орден-медальдар көмкерген қарт солдаттар да еріксіз билеп кететін. Бұдан біз би өнерінің биік құдіретін айқын байқайтынбыз. Өйткені би деген өнер ұлт таңдамайтын. Қайта қандай ұлттың өкілі болмасын әсерлі биге тәнті болатындығына куә болып жүрміз.
Арада бір жыл өткен соң шулық өнерпаздар «Шу еркесі» ансамблінің атағын қорғау үшін облыс орталығына сапар шегіп, өз шеберліктерін жан-жақты көрсете білді. Облыстық арнайы комиссия шулықтардың биылғы дайындықтары айрықша екендігін атап көрсетеді. «Сіздердің «Шу еркесі» ансамблі бұдан былай жай ансамбл емес, ән-би ансамблі болып аталады»-деп оң баға береді. Сол байқауда көрсетілген бишілердің бәрі Ажаркүл Тоқтарбайқызының еселі еңбегінің жемісін паш етті. Сол кездегі Жамбыл облыстық Мәдениет басқармасының басшысы А.Сәрсенбаев жас биші Ажаркүл Ержановаға екінші дәрежелі балетмейстер және хореограф атағын қоса беріп, мөр басылған куәлігін тапсырды.
Биші қыз аудандық мәдениет үйінің би саласындағы өнерін асқан шеберлікпен ширата түсті. Арада екі жыл өткен соң аудан мектептеріндегі жас бүлдіршіндердің биге деген талпыныстары айқын байқалды. Осындай қамқорлықтың бір жарқын көрінісін сол кездегі аудандық пионерлер үйінен де тапқан еді. Білім беру саласының басшылары Ажаркүлді осында еңбек етуге де құрметтеп шақырды. Биге деген жас балаусалардың ыстық сезімін жазбай танитын тәлімгер биші шәкірттерін күнделікті шыңдай түсті. Бір күні сол уақыттағы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Советхан Мырзаханов жаттығу залына келе қалды. Басшы адам жас маман мен шәкірттерінің қимылдарына тәнті болса керек «Қызым, жақсы істі қолға алған екенсің, қандай көмек керек?»-деп сұрады. Үлкен кісілермен ашық сөйлесе алатын, әрі ойын нақты жеткізетін Ажаркүл: «Ағай, бізге бишілерге өз-өзімізді көріп тұратын айна жетіспейді. Қолымызбен ұстап тұратын қайыңнан жасалған тұтқалар да қажет. Осы өтінішім талай басшылардың құлағына жеткенімен, құрғақ уәде түрінде қалып қалатын». Бұл жолы тәлімгер бишінің айтқаны назарға алынды. Бұл жағдай да би өнерінің өркендей беруіне ұйытқы болды.
Ажаркүл Тоқтарбайқызы негізінен аудандық Мәдениет үйінде қызмет атқарса да, бірнеше мектеп басшыларының шақыруымен оқушылар арасынан табылып жүрді. Білмеймін деген ұлға да, қызға да пейілін танытып маңдайларынан сипай білді. Тәжірибесі толысқан, тағылымы мол биші ұстаздың қаншалықты абыройы артып, мерейі тасуымен бірге шәкірттерінің қол жеткізген биіктері де арта берді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мынадай мысалдарға жүгінейік. Атап айтқанда, Ажаркүл ханымнан тәлім алған Ельмира Ержанқызы Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқып жүріп, би өнерінің қыры мен сырын меңгере түсті. Бишілік шеберлігінің арқасында аты аңызға айналған «Гүлдер» эстрадалық ансамблінде ұзақ жылдар бойы тамаша өнер көрсетті. Сондай-ақ Гүлнар Тайжанова Алматыдағы үлкен бір Мәдениет сарайында би үйірмесінде жетекшілік етті. Тағы бір шәкірті Шынар Нұрбекова жоғары білім ала жүріп, бишілігімен көзге түскен осындай ізденіс нәтижесінде шетелдерге де шығып, қазақтың ұлттық билерін кеңінен насихаттауға күш салғаны өз алдына бір әңгіме. Талантты шәкірттерін бәрін бірдей атап өту мүмкін емес. Тағы да бір атап кетерлік жайт, Ажаркүлдің өз қызы Мөлдір жайлы көп айтуға болады. Мөлдір де өз анасына ұқсап бала кезінен бишілік өнерге бейімділік танытты. Бойжете келе анасымен бірге сахнада өрелі өнер көрсетті. Өнерсүйер қауым Мөлдірдің қол жеткізген биіктеріне қай кезде болсын қуанып отырды. Мөлдір қыз 2012 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетін ойдағыдай аяқтады. Қазіргі кезде Төле би ауылындағы Ә.Еспаев атындағы саз мектебінде домбыра мен фортепианодан сабақ береді. Сонымен бірге, жас түлектерді би өнеріне баулуда. Осы жоғарыда аталған талантты бишілердің қай-қайсысы болса да Ажаркүл Тоқтарбайқызынан биді үйренгендерін мақтанышпен айтады.
Би өнеріне бар саналы ғұмырын арнаған Ажаркүл ханым өзінің шығармашылық қызметіндегі ширек ғасырлық кезеңін аудандағы өнерсүйер қауымның алдында арнайы есеп берген. Басшы да, қосшы да бишінің өзіндік ерекше қимылына тәнті болып ауылда да, қалада да өткен концерттерге үлкен қошемет көрсетті. Оның қайталанбас қимылдарына, қолдарының қозғалыстарына үлкен де, кіші де таңдай қаққандарына талай мәрте куә болғанбыз. Ол тек сахнада ғана емес, аудандық Мәдениет үйінің бишісі ретінде дала қостарында, ауыл еңбекшілерінің ортасында жер беті тақтайдай емес, тегіс болмаса да шыр көбелек би билеп, халықтың кұрметіне бөлене білді. Қаршадай қыздың осындай орындаушылық шеберлігі елеусіз қалған жоқ. Мәселен, 2009 жылы республикалық «Лучшие учителя Республики Казахстан» энциклопедиясының «Учитель это призвание» бөліміне енгізілді. Ол Жамбыл облыстық білім беру саласының Құрметті қызметкері атанды. Ажаркүл Тоқтарбайқызымен әңгіме дүкен құрған кезімізде ұлағатты ұстазы Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың алпыс жасқа толған шағында, яғни 1972 жылы қазақ зиялыларының алдында шапшаң қимылды қажет ететін халық биі «Сылқылдаққа» билегенін айтып сыр шертті. Бұл тума дарын бишінің жер ортасы жастан асса да биік тұғырынан таймағанын көрсетсе керек. Өз ұстазы сияқты Ажаркүл ханым да әлі күнге дейін қолдаушылар қажет етсе, сахна сәнін ажарландыра түсетініне күмән жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні аудандық Мәдениет үйінде отыз жылға жуық кәсіби биші болып тер төккен Ажаркүл Ержанова би өнерінде өз орнын таба білген және көптеген шәкірт даярлаған ұстаз. Құрметті демалыста жүрген талантты жерлесімізді қандай құрметке бөлеп, қандай атаққа ұсынсақ та артықтығы болмайды.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Суреттерде: тәлімгер биші Ажар Тоқтарбайқызы және шәкірті Мөлдір Ержанова