Ақпараттық портал

Батагөйлер байқауы

Сан ғасырдан салт-дәстүрін берік сақтаған қазақ халқында бата дейтін бағалы дүние бар. Тарамдар мен тармақтарға бөлінетін батаның түрі көп. Оны екінің бірі бере бермеген. Себебі, бата ең әуелі – дұға. Сондықтан қабыл болады деген тілекпен Құдай құрметті еткен қариялар, сөзі мен амалы тура, ақ сөйлейтін адамдардан бата алу үрдісі бар.
Бүгінгі таңда той-жиындар бұрынғының жолымен үлкендердің батасымен басталатыны белгілі. Алайда, кейде батаны тілекпен шатастырып алатын қарияларды көргенде көңіліңе қаяу түсетіні ақиқат. Мұны дер кезінде түзеп, өскелең ұрпаққа насихаттағанымыз абзал.

Осындай олқылықтардың орнын толтыратын шаралар қажет-ақ. Солардың бірі таяуда ғана өткен батагөй қариялар арасындағы «Ақ – бата» атты аудандық байқауы екені сөзсіз. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен болған байқауға барлығы 14 қария қатысуға тілек білдірген. Олар аудандық Мәдениет үйінің сахнасын төр етіп, зерлі шапандарымен шараны сәнді еткенін айта кеткен жөн.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы сынында 14 қарт өлшеп берілген 3 минут ішінде өздерін таныстырып өтсе, келесі кезеңде билетте көрсетілген 5 түрлі тақырыпта бата беру бойынша бақ сынады. Қатысушы қарияларды 5 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалап отырды. Олардың қатарында күйші-композитор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі Ә.Желдібаев, Шу ауданының Құрметті азаматтары Т.Омбаев пен Д.Байбатшаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев пен айтыскер ақын Ғ.Есдәулетов бар.
Алғашқы кезеңде ең жоғары ұпай жинаған үш ақсақал ақтық сайыста 22 тақырып бойынша бата берді. Байқаудың нәтижесінде облыстық батагөйлер жарысынан қара үзіп жүрген Оразалы батыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жайлаубек Қалиев бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ бірінші орынды Көкқайнар ауылынан келген Болатбек Маралбаев, екінші орынды қонаевтық қария Каналбек Онласынов пен қаламды серік еткен Бейқұт Қалымбетов алса, үшінші орын үш көнекөзге бұйырды. Олар шулық Қамбар Қыздарбаев, ақсулық Оңлахан Сырлыбаев және жаңажолдық Аюб Серкебаевтар. Бәйгеден аты озған батагөй қарияларға демеушілер тарапынан қаржылай сыйлықтар беріліп, қатысушыларға кәде жасалды.
– Бүгін біздің қоғамға қажетті, жас буынға ерекше керек шара өткізілді. Мұндағы мақсат – салт-санамыздағы бата беру дәстүрін жаңғыртып, сол арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу. Біз байқаудың өтуіне көмек көрсеткен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, сондай-ақ қаржылай көмек көрсеткен облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, меценат Назымхан Әбітаевқа алғыс білдіреміз. Осы мәндегі шаралар алдағы уақытта жалғасады деп сенеміз,-деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Көрікбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.