Ұлттық тәрбиенің тағлымы мол
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шу аудандық филиалы өз жұмысын ардагерлер кеңесінің жылдық жоспары бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындайтын негізгі бағыттарды басшылыққа ала отырып жүзеге асыруда. Осы тұста санамызды ұлттық тәрбиемен сусындату бағытында атқарылған шараларға тоқталмақпын.
Адам баласының жан тазалығы үшін рухани азық аса қажет деп ойлаймын. Біз, аға буын өкілдері ақ пен қараның арасын, жақсы мен жаманның теке-тіресін көріп отырып, жастарды жүрегіне имандылық, жанына тазалық, тілегінде ақиқат, әрекетінде шынайылық, көзінде мейірім, алақанында жылулық ұялаған ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан бүгінгі сананы қаражат билеген нарық заманында адамдардың жан дүниесін рухани байыту – басты мақсатымыз. Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ауданынымызда тәрбие жұмысын үш бағытта жүргізіп келеміз. Біріншісі «Бабалар аманаты», екінші бағыт – «Отбасы мектебі», үшінші бағыт – «Ағалар ақылы». Жаңа Қазақстанда тіліміз бен дінімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді яғни ата-бабаларымыздың үнімен ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту ардагерлер ұйымының алдында тұрған басты мәселе.
Осы орайда, ардагерлер ұйымы аудан әкімі Б.О.Жәнібековпен еркін форматта кездесу өткізді. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, билер кеңесінің төрағалары қатысты. Кездесу барысында аудан әкімі ардагерлердің ұсыныс–пікірлерін назарға алатынын, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді бірлесіп орындаудың, ел игілігі үшін халық пен биліктің үйлесімді әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы Өміралиев Ержан Көрікбайұлы да қашанда игі істерде алдыңғы қатардан табылатын ауылдық ардагерлер кеңестерімен танысып, тыныс-тіршілігін өз көзімен көрді. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ақсу, Балуан Шолақ, Қорағаты, Ақтөбе, Алға ауылдық округтерінде кездесулер өткізді.
Аталған елді мекендердегі кездесулер барысында неше ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан асыл дініміз, халқымыздың тарихы, әдебиеті мен өнері, салт-дәстүрі, батырлар жырлары мен шежірелер, ертегілер мен аңыз әнгімелер, бата беру, ырым-тыйым, мақал-мәтелдердің маңыздылығын бабаларымыздан қалған тәрбиелік ілім ретінде жастардың санасына, әр жанұяда ата мен әже, әке мен ана өз балаларына ұлттық тағылымды бойына сіңіруі қажет екендігі айтылды.
Отбасы мектебі бағыты бойынша аудандағы «Әкелер кеңесі» мен «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымдарының және Билер кеңесінің маңыздылығы да сөз болды. Өйткені, бүгінгі таңда жастар арасында ажырасу індетке айналған. Оның негізгі себебі дәстүрлі отбасылық имани құндылықтардың азаюы. Үлкендер «Бір үй толған жансың, бір-біріңе қонақсың, иманың кәміл болмаса, бір–біріңе дұшпансың»-деп отыратын еді. Бұл ата–бабаларымыздың қадір тұтқан ізгілік пен туралыққа жеткізетін иман шарттары.
Жастарды өнегелі тәрбиеге баулу мақсатында аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерімен бірқатар іс шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтар болсақ, М.Мақатаев атындағы мектепте «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере ала ма?» атты дөңгелек үстел, Шоқпар ауылында «Атадан өсиет, анадан қасиет» атты кездесу, Қонаев ауылында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты семинар, Шу қаласы, Төле би атындағы орта мектепте «Қыз бала ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты кездесу, «Қуаныш» балабақшасында «Әжемнің ертегісі» атты ертеңгілікті атауға болады.
Оқушыларға мектеп қабырғасынан патриоттық тәрбие беру біздің басты міндетіміз. Бұл бағытта Кеңес Одағының батыры С.Шәкіров, Қ.Рысқұлбеков сынды қаhарман ұлдардың ерлігін насихаттау қажет. Өйткені, өткенді ұмытпау, олардың рухына тағзым ету қашан да парыз.
Сондай-ақ, ауданда өткен «Қоғамдағы аналардың мәртебесі» атты облыстық аймақтық семинарға Қордай, Меркі, Мойынқұм аудандары мен Шу, Тараз қаласынан келген қонақтар қатысып, жастар тәрбиесі, қоғамдағы аналардың мәртебесі туралы, ұлттық құндылықтарымызды тәрбие жұмысында іске асырудағы аға-буын өкілдерінің ықпалы, әлеуметтік әлсіз топтарға көмектер көрсетіп «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы еліміздің болашағы үшін маңызды екенін түсіндірді.
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандары, Шу ААБ ЖАҚБ-НІҢ ӘЗЗҚ т-ның аға инспекторы, полиция аға лейтенантымен бірлесе аудан ардагерлер кеңесінің мүшелері, билер алқасының төрағасы, әкелер кеңесі төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен «Тұрмыс» жедел–профилактикалық іс-шарасы жоспарланып, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікке тап болғандар мен қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген жайсыз отбасылардың мекенжайлары бойынша жағдайларын білумен қатар түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қорыта келе, ауданның ардагерлер кеңесі зейнеткерлердің басын қоса отырып, өзара кеңес құрып, бірқатар мәселелердің оң шешімін тауып жатады. Бұл аудан басшыларымен және аудандық мекемелермен қоян-қолтық жұмыс атқарудың нәтижесі.
Қашанда тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры мәңгі болуын, халқымыздың амандығын, жұртымыздың тыныштығын, бауырымыздың бүтіндігін қалаған, бірлік пен бақыттың ұйытқысы бола білген ардагерлеріміз әрдайым көптің жанынан табылып, қажет кезде оларға қолдау көрсетуді жалғастыра беретініне сенімдімін.
Данен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.