Ақпараттық портал

Адамгершіліктің туын тік ұстаған жан

Газетіміздің өткен тарихы да, келешегі де аудан өмірімен тығыз байланысты. «Газет – қоғамның айнасы» десек, «Шу өңірі» – «Шуская долина» газеттерінің әр санындағы түрлі жарияланымдар жергілікті қауымдастықпен біте қайнасып, бірге жасап келеді. Бұл тұста халық пен билік арасында алтын көпір орнатып жүрген газет қызметкерлерінің рөлі ерекше. Тілшілер қауымынан бөлек, бір кездері бұл ортада газеттің жарыққа шығуына сүбелі үлес қосқан баспахана ісінің майталман мамандары да еселі еңбек етті. Олар еңбек жолында өз білген-түйгендерін әр кезеңдегі жас буын өкілдерімен бөлісе отырып, баспа ісінің жетілуіне зор үлес қосты. Ардагерлер қатарында болған осындай азаматтар арасынан Умелс Шоқалақовты атап айтуға болады. Бұл азамат бүгінде арамызда жоқ болса да, оның көпке үлгі болатын жарқын өмір жолы мәңгі жадымызда қалмақ.

Кейіпкеріміз алғашында баспаханада әріп теруші бола жүріп, кейін бұрынғы «Кировшы», қазіргі «Шу өңірі» газеті редакциясында түрлі жауапты қызметтер атқарды. «Шу аудандық баспасы» ЖШС-де бірнеше редактормен қызметтес болып, қырық жылға жуық абыройлы қызмет етіп, осы жерден зейнеткерлікке шығады. Бұл кісінің қарапайымдылығы, адамгершілігі, әріптестерімен жылы қарым-қатынасы жайындағы әңгіме бір төбе. Жергілікті тілшілер қауымы арқылы да әр кәсіби мереке қарсаңында У.Шоқалақов туралы көзі тірісінде бірнеше рет мақалалар жазылған болатын. Арда азаматтың адамдық болмысы жөнінде өз замандастары да жақсы біледі және әлі күнге дейін көпшілік арасында айтып жүреді. Соның бір дәлелі, зерттеуші ғалым Т.Байқұловтың бір кітабында өңіріміздегі Жиенбет ауылының тұрғыны, зейнеткер Сауытбек Мәдімарұлы өзінің ортасында адал, адамгершілігі мол үш адамды жолықтырғанын, соның бірі – У.Шоқалақов екенін айтып, ол туралы ойын былайша жеткізген екен:
«У.Шоқалақов жоғары білімді азамат. Редакцияға барғанда байқағаным, бір өзі мекемеде жалғыз қалып, өзіне тиесілі жұмысты тиянақты атқарып отырады. Сонда себепті, себепсіз жұмыстан қалған қызметтес жолдастарын бірде-бір аузына алмайды. Қайткен күнде де мүмкіндік туғызып, олардың жоқтығын сездірмей, газетті шығаруға тырысады. Өзім қатарлы азаматтар ішінде анадан туғанда қанағатшыл болып туған У.Шоқалақов па деймін. Оның үй ішімен де ара-тұра араласып тұрамын. Қу дүниеге, жылтыраққа қызығу сияқты артық мұқтаждықтар ойында жоқ. Бар мен жоққа, үлкен-кішіге, қызметкер мен жәй адамға бірдей көзқарас ұстанады. Ал, қанағатшыл болу адамдықтың үлкен белгісі. Адам баласына тән барлық жақсы қасиеттер қанағатшылдық пен адалдықтан бастау алатыны сөзсіз».
Ал, осы кітаптың тағы бір тұсында: «Кейбіреулер заман ағымына, күнкөрісіне, қызметіне, бай-кедейлігіне қарай өзгеріп тұрады. Ал, Умелс соның бәріне тең ұстанымда. Адал, тұрақты, кішіпейіл, кімге де болса артық сөзі жоқ, мейірімді, иманжүзді қасиеттерімен көпшілікке танылды. Жоғарыда айтылған игі қасиеттер Құдай қосқан зайыбы Мәрзияға да тән.
Умелс Асатұлы көмекші редактор міндетін атқарып жүрген кезде өзі тәрбиелеп, қызметін сатылап өсірген бір шәкірті осы редакцияда жауапты хатшы болып қызмет етеді. Келекшекте қызметін өсіру үшін әлгі шәкірті Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түсуге ұмтылыс жасап, таныс-тамыр салып, ыңғайланады. Партия мектебінде редакция қызметкерлері ішінен тек редактор және көмекші редактордың оқуына мүмкіндік бар екен. Сол себепті, әлгі азамат бір жыл бұрын ойластырып, партия мектебіне оқуға түсу үшін келесі оқу жылына дейін көмекші редактор болып жұмыс жасауы қажет болғандықтан, Умелстің қызметіне қолқа салады. Жауапты хатшының жалақысы көмекші редактордың жалақысынан төмен болғанына қарамастан, Умельс өз қызметін ұсынып, жауапты хатшылыққа ауысады. Міне, адамгершілігі зор, қандай азамат десеңізші!
Умелсті аудандық газетке редактор етіп тағайындамақ болғанда және облыстық «Еңбек туы» газетіне екі ауданға меншікті тілші болуға шақырғанда, бармағанын көзіміз көрді. Ол өзінің қолдағы барына қанағат еткендігі болатын. Адам боп жаратылған соң адамдық қасиетті сақтағанға не жетсін! Сондай қасиетке ие азаматтың бірегейі У. Шоқалақов демекпін»,-делінген.
Кітапта жазылған осындай оң пікірлерге қарап, кейіпкеріміздің өз заманында, өз ортасында адамгершіліктің туын биік ұстаған жан болғандығын аңғарамыз. Өмірінің басым бөлігін аудандық баспа ісін жетілдіріп, дамытуға арнаған У.Шоқалақовтың кәсібіне адалдығы, адамдық болмысы осы салада еңбек етіп жүрген кейінгі буын өкілдеріне үлгі-өнеге деп білеміз. Ғибратты ғұмырындағы ізгі қасиеттері артта қалған ұрпағының бойынан табылып, қызметінің қыр-сырын бір кісідей ұғатын әріптестері арқылы есімі жаңғыра берсін демекпіз.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.