Ақпараттық портал

Тұрғындарды алаңдатқан мәселелер шешімін табуда

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың өткен және арғы жылғы Шу ауданындағы бірқатар елді мекендер тұрғындарымен болған кездесуі барысында тез арада шешімін табуды қажет ететін көптеген маңызды мәселелер көтерілген болатын. Мысалы, 2022 жылы Нұржан Молдиярұлы Бірлікүстем, Төле би, Тасөткел ауылдық округтерінде және Қонаев ауылында болып, 23 түйткілді мәселені көтерген 17 азаматты қабылдаған еді. Бұл жылы Н.Нұржігітов Дулат, Балуан Шолақ, Көкқайнар ауылдық округтері мен Шу қаласында болып, 169 азаматты жеке қабылдау барысында түрлі мәндегі 26 өзекті мәселеден хабардар болды.
Осыған орай, облыс басшысы Нұржан Нұржігітовтың іс сапары кезінде аудан тұрғындарының ұсынысы мен талабы аясында көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуы жайында айта кеткенді жөн көрдік. Мысалы, 2022 жылы Бірлікүстем ауылдық округі тұрғындары жайылымдық жердің тапшылығы мәселесін көтерген еді. Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі А.Бименбетовтың мәлімдеуінше, округ аумағынан 1000 гектар жер бөлініп, бұл жайылымдық жердің жетіспеушілік деңгейін төмендетуге негіз болды.
Облыс әкімімен кездесу барысында көтерілген тағы бір маңызды мәселе аудан орталығы – Төле би ауылының солтүстік бөлігінің орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмауы.
-Аудан орталығының солтүстік бөлігінің тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесінің шешімін табу үшін облыстық бюджеттен 593,5 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда,-дейді Төле би ауылдық округінің әкімі А. Ошанов.
-Сол тұстарда аудан тұрғындары тарапынан аудандық Жұмыспен қамту орталығының қызметіне қатысты көптеген шағымдар түсіп жатты. Нәтижесінде, мекеменің бұрынғы басшысы қызметінен босатылып, оған қоса өзге мамандар тағайындалды,-дейді аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев.
Сонымен қатар, өзінің арғы жылғы сапары барысында Н.Нұржігітов жергілікті атқарушы орган өкілдеріне көп қабатты үйлердің кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу және Шу қалалық ауруханасында дәрігер маманы тапшылығы мәселесін реттеуді тапсырған. Осыған орай, Шу қаласы әкімінің орынбасары Ж.Аймамбетов кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу бүгінгі таңда аяқталып қалғандығын жеткізсе, Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері аталмыш аурухананың онколог дәрігері тиісті жолдама алғандығын, енді Шу қалалық ауруханасында да қабылдау жүргізетіндігін мәлімдеді.
Үстіміздегі жылда да аудан өмірінің әр саласына қатысты көтерілген түйткілді мәселелер аз болған жоқ. Олардың басым бөлігі ауданның ең ірі елді мекені – Шу қаласына қатысты. Мысалы, Шу қаласында тұратын бір азаматша әкімнің жеке қабылдауы кезінде тұрғын үй бойынша қандай да бір көмек көрсетілмейтіндігін алға тартқан болатын. Аудан әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы А.Мәделі мәлімдегендей, өтініш иесіне Шу қаласындағы бұрынғы «СПТУ-24» оқу мекемесінің жатақханасынан бөлме берілді.
Жалпы жұртшылық өкілдері әсіресе, балалар үшін қауіпті саналған қаладағы иесіз, қаңғыбас иттердің көптігіне шағымданған азаматтар да аз болмады. Шу қаласы әкімінің орынбасары Ж.Аймамбетовтың айтуынша, Шу қаласы аумағында жүргізілген жұмыс барысында 1000-нан астам кезбе ит ауланған. Алайда, ауланған иттерді асырап, бағуға арналған арнайы орын мәселесі күрделеніп барады. Сонымен қатар, қала тұрғындары жер иеленуге талас, қаладағы «Керемет» моншасының кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, Айнабұлақ көшесіндегі көпқабатты үйлердің аумағын абаттандыру, үй құжаттарын рәсімдеу, Сәтпаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу, тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін көтерді.
Жер иелену бойынша мәселе Жоғары сотта қаралып, арызданушының талабы қанағаттандырылған. Кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша айтар болсақ, Шу қаласының әкімі Е.Нұралиевтің сөзінше, «Темір жол су-Шу» ЖШС ықпалымен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда толықтай аяқталған.
-Айнабұлақ көшесіндегі тұрғын үй аумағын абаттандыру бағытында түнгі жарықтар орнату жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, биылғы жазда Сәтпаев көшесінің 1,8 шақырымына жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 100 пайыз аяқталды. Тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан өтініш берушіні жыл ішінде тегін дәрі-дәрмекпен қамту жөнінде шешім қабылданды,-деп мәлімдеді Е.Нұралиев.
Тағы бір мәселе Көкқайнар ауылында көтеріліп, ауыл тұрғыны жұмыспен қамту бойынша өтінішін білдірген еді. Осыған орай, Көкқайнар ауылдық округінің әкімі Қ.Жамбылов өтініш иесінің осы округте қоғамдық жұмыспен қамтылғанын жеткізді.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары тарапынан 49 мәселе көтерілсе, бүгінгі таңда оның 18-і толықтай қанағаттандырылған. Он бір мәселе орындалу үстінде, сондай-ақ, 19 азаматқа өтініштері бойынша тиісті заң аясындағы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Р.Искаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.