Ақпараттық портал

Түйткіл тірлікке

Бұрындары ауыл тірлігі мен бірлігі үлкен өнеге іспетті еді. Қазір білімсіз қазақ жоқ. Әрқайсысы бір-бір «ғылым». Сөйлесе кетсең, саясатыңның жілігін шағады. Бүкіл әлемдік жаңалық туралы «көріпкелдік» жасауының өзі керемет. Өз ауылын әлем халықтарымен салыстырғанда жұмаққа шығып кетесің, түңіліп сөйлегенде қалай тірі жүргеніңе таңқаласың. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дегенді жағы түскенше айтып өткен бұрынғы кеңес Одағының басшысы Леонид Брежнев те ауылдың ахуалы өзгермей, толайым табыс болмайтынын білген. Ойлары оянса да, тірліктері оянбаған ауыл қазағына «не істеп жүрсіңдер?» десең, «ауылда жұмыс жоқ» деген сылтау айтады. Біреуді біреу асырайтын заманның өтіп кеткенін біле ме, жоқ білмей ме, «еңбек етсең, емерсің» деген халық нақылына еш назар аудармайды-ау.
Ой елегінен өткізер болсақ, ауылда жұмыс бастан асады. Есесіне бойкүйездік, селқостық, енжарлық, жалқаулық секілді жағымсыз қылықтар жастарымызды, әсіресе кейінгі жас азаматтардың бойын қатты билеп алған сыңайлы. Үй іргесіндегі жеріне көкөніс егіп, азды-көпті өнімін алып, артылғанын айырбастап немесе сатып, бала–шағасының керегіне жаратса болар еді. Бірақ, ондайлар некен-саяқ. Иманы саламат болсын, ауылда Тоқтархан деген ағай болды. Ол кісінің істегендері қазіргі заманның сұранысына дөп келген еді. Үйіне бара қалсаңыз, ақпан айының өзінде түрлі көкөністердің көшеті жайқалып орын бермейтін. Күзде отырғызған сарымсағын жаздың басына жеткізбей жинап алып, орнына сәбіз егіп, жылына екі өнім алатын. Тоған жанынан үлкен әуіт қазып, оған толтырылған суға балықтың шабақтарын жіберіп, екі-үш жылда құлаш-құлаш балық аулап, бүкіл ауыл қарық болып еді. Кез келген істің ығын тауып, жөнін білетін. Айтары да көп еді. «Ақша табаныңның астында, тек еңкейіп, ерінбей теріп алуың керек» деп отыратын. Айта берсе, ол кісі туралы аңыз боп кеткен әңгімелер баршылық. Ауыл адамдары «Тоқаның тауығы тәулігіне екі рет жұмыртқалайды» дейтін. Растығына көздері жеткендер де бар. Қазір кез келген ауыл азаматтарының иелігінде ат шаптырым жер бар. Көкөніс өсіріп, дақылының дәмін татып отырғандар бірен-саран ғана. Шым басып, қурай өсіп тұрған жерлер босқа арамтезек болып жатыр. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, терлеп еңбек етпей өмір сүргісі келетін жандар қазіргі қоғамда көбейіп кеткен сыңайлы. «Ауыл – алтын бесігіміз» десек, неге соңғы жылдары берекесі қожырап, тұрмысы шатқаяқтап жүр?!
Қайран, жоқтан бар жасап, еңбегін бұлдамай, болашақ балалары үшін тұрмыс тауқыметін өрге сүйреген аталарымыздың еңбегін ойласаң, таңқаласың. Ешқандай техниканың күшінсіз, тереңдігі жиырма-отыз құлаш болатын арықты аталарымыз қолмен қазған десең, әрине қазіргілерге ертегі әңгіме сияқты болатыны рас. Қазір біреуге иек сүйеп, бас ауыртып, балтыр сыздатпай, тоғышарлыққа салынып, артық қимылдағысы келмейтіндер көбейді. Есесіне заң соғып, адам құқығын жаттап айтатындар өздерімен бірге өзі сияқты кержалқаулар мен керітартпаларды еліктіруде. Қазіргідей күн сайын өзгеріп жатқан заман көшіне ілесіп, болашақ балаларының жағдайын ойламай, әйтеуір күн өтсе болдымен жүріп, өмірден өз үлесін алуға жол көрсетіп ықпал жасауға ұмтылмаған ата – аналардың көбісі кеңес заманының тегін оқуын оқып, тәлімін алған сауатты кісілер. Жер жаһандағы жаңалықты күнде теледидардан көріп, сериал кейіпкерінің тірлігімен аты-жөнін тілге тізгенде таңқаласың. Біз әйтеуір кінәні біреуден көруге құмармыз. Техника жоқ, ақша жоқ, жағдай жоқ, өкімет несие бермей жатыр дегеннен танбаймыз. Шындап жұмыс істегісі келетін адам әйтеуір бір тетігін табады ғой. Құдайға шүкір, қазір жоқ деген адамның үйінде бір темір көлік бар. Жан-жағымызға қарасақ, өзге ұлт өкілдері тырбанып бау–бақшасын өсіріп, ешкімге жалынбай шаруасын дөңгелетіп жатыр. Немересін ойнатып жүріп, қолынан жіп пен ұршығы түспейтін, кеңес айтып жол көрсететін әжелер, бұрынғы соғысты, ашаршылықты, зұлмат запыранды, қиыншылықты көрген аталар жоқ. Зейнеткерлікке іліккендердің дені күн сайын жақсарған тегіншілік заманның балалары. Бұрынғыны көксеумен ғана шектеледі. Заман көшінің бағытын аңғарып бірлікке шақырып, табыс табудың көзі біріккен тірлікте екенін білгенмен, біріктіруге құлқы жоқ «қырма сақалдар» дұрыстап ақыл айтуға да өресі жетпейді. Жетсе де өзінің үйретері болмаған соң жеккөрінішті болғысы келмейді.
Түсінген адамға қазір көзін тапсаң нағыз еңбекқорлардың, қолынан іс келетіндердің заманы емес пе? Көрші Қордай ауданына жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қыбырлаған жандарға көз шалынады. Дүнген халқының құмырсқадай еңбекқорлығын көріп, солардан үлгі алып, жер емген қазақ ағайындардың да шаруалары мығым. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық – аздырар адам баласын» дегенді ұлы Абай өз заманында-ақ білген. Марғау өмір, еріншектік қанымыздағы «асыл қасиет» деп ұғынатындар өз өмірлерінің бос өткенін сезінбейді де. Басқа ұлттың жастары компьютер, радиотехника, телевизор, тоңазытқыш, кіржуғыш мәшине жөндеуді әп-сәтте меңгеріп, ауылда болсын, қалада болсын шеберхана ашып, күнделікті табысын тауып жүр. Ал, жалған намыс пен жұмыс жоқ дегенді сылтауратып біздің жастар көше кезіп, әр нәрсеге ұрынып, әке-шешесінің мойнына масыл болып жүргені шындық. Әйтеуір бір күн өткенге мәз. Тіршілік атаулыға бей-жай.
Ауылдағы жұртшылық өкілдерінің барлығының тіршілігі осындай деуден аулақпыз. Шаруасын дөңгелетіп, үлгі болып жүрген азаматтар да бар. Дегенмен, жеке шауып бәйге алып, мәреге жетуге де көптің қолдауы ерек. Бірақ шағын елді мекендерде түйткіл жетерлік. «Ауыл болсаң, қауым бол» дегендей біріккен тірлік қылмайынша, ештеңенің өнбейтінін түсінбейді емес, бәрін біледі. Біле тұра біріне-бірі иек артып, тоғышарлыққа салынып, ешқайсысы артық қимылдағысы келмейді. Бұлшық етін сыздатып терлеп еңбек етсе, еңбегінің рахатын көреді емес пе? Бірақ, қырт мінез, қыңыр тіршілікке еті үйренген ағайын, көктем шықса күз келерін ойлап, бас қатырмайды. Өзінің жалқау тірлігінің кінәсін біреуден көруге құмар. Есігінің алдындағы үй орнындай жерді аударып көкөніс отырғызуға ерініп, техника іздеп жүрген қазаққа қалай ренжімейсің. Қойын қасқыр жесе тәңірді қарғайтын қазақ өзімнен болды-ау дегенді өмірі айтпайды. Қарыз сұрап, біріне-бірі жау боп жатқан – қазақ, үйсіз қалып, тентіреп жүрген – қазақ, несие алып онысын өтей алмай, жылап–сықтаған тағы да қазақ, пирамида ойнап ұтылып, жер сабап қалғандар – қазақ, жан қинамай табыс табамын деп жерін сатып, күйсіз қалған – қазақ. Жер әлемге шикізатымызбен атымыз шығып бай мемлекет қатарында аталғанымызбен, күнделікті ішер асыңды қал-қәдірінше өз қолыңмен егіп өсіріп, азық қылсаң, артық бола ма, ағайын?! Заман көшінен қалмай, бірігіп іс қылып, өз мүмкіншілігіңді пайдаланбай, өзіңе-өзің қызмет етуден неге қашасың, ағайын?!

Н.Қоңырбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.