Өткен күннен сыр шерткен
Әр адамның еңбек жолы әрқилы. Дейтұрғанмен, өзің жаныңмен сүйген мамандықтың баспалдақтарынан өту, сол арқылы бір биікке көтерілу, ол-бөлек сезім. Мен 1982 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетін тәмамдаған соң, сұраныс болмаса да Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Честаковтың қолы қойылған жолдамамен туып-өскен өңірім – Шуға қарай атбасын бұрдым. Себебі, ата-анамның үміт күткен жалғыз баласы едім. Ол тұста республикадағы университет тәмамдаған түлектердің жолдамасына осы бөлімнің басшысы қол қоятын.
Ауданда мамандық бойынша жұмыс тапшы. Сол себептен еңбек жолымды комсомол ұйымынан бастауға тура келді. Арада 3 жыл уақыт өткеннен кейін, яғни 1985 жылдың ақпан айында ауданымыздың айнасы – «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне келдім. Бұл сәт газеттің елу жылдық торқалы тойымен тұспа–тұс келген болатын. Әлі есімде, 24 беттік мерекелік нөмірді түрлі-түсті форматта шығарған едік.
Өңірдің шежірелі жылнамасы саналатын «Шу өңірі» газетінде табан аудармай он екі жыл еңбек еттім. Оның бес жылында редакторлық қызметті атқардым. Осы аралықтың жеті жылында екі редактормен қызметтес болдым, оның бірі – Рахметілдә Құдабаев, екіншісі – Ахметжан Қосақов. Бұл басшылар өздері еңбек еткен жылдарында өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті редакторлар. Сондай-ақ, баспасөз қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген қарымды қаламгерлер, осы күнгі тілмен айтқанда медиа-менеджер бола білді.
Кәсіби журналистік қызметте осындай алдыңғы толқын екі ағамызбен әріптес бола жүріп қызмет еткенімді бүгінде өзіме зор бақыт санаймын. Өйткені, бұл кісілерден мақала жазуды, материал қорытуды, сұхбат алып, репортаж дайындауды ғана емес, газет басып шығару жұмысының барлық қыр-сырын үйрендім. Бұл бір ілкімді ізденіс жолы болатын. Мекеме басшысы тапсырма бергенде оны жан-жақты талдап, мәселеге қай қырынан келу, қандай сұрақтарды қозғау керек деген дүниелерді бүге-шігесіне дейін айтып бергенде таңданыс та болды.
Бірде Рахметілдә ағаның кабинетіне кірсем, КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы М.С.Горбачевтың «Қайта құру» жөніндегі мақаласы шыққан «Социалистік Қазақстан» газетінің кезекті нөмірін алдына жайып қойып, басын қаламсаппен қасып, қатты ойға беріліп отыр екен.
– Не болды аға?- дедім.
– Мынаның «Қайта құру» деген аты жаман екен, қайта құрылмай, қайта құрып кетпесек болғаны да, – деген еді сол кезде. Не деген көрегендік десеңізші?! Айтса, айтқандай-ақ сол Советтік Социалистік Республикалар Одағы бір-ақ күнде ыдыраған жоқ па?!
Ол кездері газет аптасына үш мәрте шығушы еді. Әсіресе дүйсенбі ауыр күн болатын. Редактор басшы ретінде газет бетіне түскен барлық мақаланы асықпай оқып шығатын. Газетті баспаханаға жіберуге асыққан емес. Кей уақыттарда дүйсенбі күні таңға жүруші едік. Түн жамылып отырып шығарған газет нөмірлері қаншама десеңізші?! Кезекші болған күндері әрі қарай баспаханаға барып, газеттің дұрыс басылуын қадағалаймыз. Үйге бару қайда?! Өйткені, қазіргідей емес, газеттің әрбір парағын баспа машинасына жеке-жеке жіберіп отыратын.
Менің екінші редакторым Ахметжан аға редакция қоржынына түскен хаттарға ерекше көңіл бөлетін. Газет бетінде өндіріс мамандары мен еңбек майталмандарының, жергілікті тілшілердің мақалаларын көптеп орналастыруға ерекше көңіл бөлетін. Келген мақалалардың жарайтынын шығарып, жарамайтынын авторына ескертіп, оқырмандармен адами байланыс орнату керектігін әрдайым еске салып отыратын. Сондай-ақ, ол кісі мені редакцияның «Орталық штабы» аталатын жауапты хатшының жұмысына да араластырып отыратын. Мұнда газет бетіне орналастырылатын мақала қай бетке, қандай қаріппен, қандай көлемде салынатындығы алдын ала есептеліп, терімге жіберіледі. Бұл істе Умельс Шоқалақовтың ыждаһаттылығы өз алдына, сол кісіден де үйренгенім көп еді.
Іссапарға шыққан сәттерде университет қабырғасында «Фото ісі» сабағынан алған білімімді жүзеге асыру мақсатында «Зенит» фотоаппаратымды алып шығамын. Ондағы ойым, фоторепортаж жасау. Түсірген суреттерім аракідік газет бетіне жарияланғанымен, көбісін фототілші Петя ағай жаратпайтын. Кейіннен П.Норкин еңбек демалысына шыққанда бұл істі редактор маған тапсыратын болды. Сөйтіп, өндірістік тәжірибеде суретке түсіру өнерін Петя ағайдан үйрендім. Артына құнды тарихи деректер қалдырған Петр Норкин ауданымыздағы тоқсан жылдық тарихы бар газеттің бірінші фототілшісі ғана емес, республикадағы бірден-бір маман еді. Бұлай айтуымызға дәлелдер де жетерлік… Жетпісінші жылдардың аяғына таман ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың келгені туралы тарих беттерінде бар. Дінмұхамед Ахметұлы өңірлерде іссапармен жүрген сәттерде ҚазТАГ және республикалық газеттердің «сен тұр, мен атайын» деген фототілшілері бірге жүретін. Бірақ республика басшысының сол сапарындағы еңбекшілермен кездесуіндегі қас-қағым сәтін бейнелей білген Петя ағайдың суреті еліміздің барлық газеттерінде жарық көрді. Міне, осыдан кейін-ақ ол кісінің қандай маман екендігі айтпаса да белгілі. Осындай жандары жайсаң, білікті ағалармен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Олардың айтқан ақыл-кеңестері кейіннен редактор болғанымда көп көмегін тигізді.
Бұл күнде ауданымыздың айнасы – «Шу өңірі» газеті тоқсан жылдық белеске шығып отыр. Әлі де талай тарихи деректерге толы құнды дүниелермен оқырмандарды қуантарына сенімім мол. Аудан газетінің көшін алға сүйреп жүрген алдыңғы толқын ел ағалары мен кейінгі ізбасар журналист іні-қарындастарымды «Шу өңірі» газетінің тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтай отыра, әр жанның танымын кеңейтер тағылымды мақалаларды тарих беттерінде тоқтамай, талмай жаза берулеріне тілектестігімді білдіремін!
Қуантай Байжол,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
зейнеткер.