Құрманғазы оркестрі
ше шара өткен болатын. Анығырақ айтқанда, 90 жылдық тарихы бар, аты әлемге әйгілі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі Жамбыл облысына гастрольдік сапармен келген. Оркестр басшылығының сапарды Шу ауданынан бастағанын жақсылыққа баладық.
Концерт басталмастан бұрын Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев даңқы дүние жүзіне тараған шығармашылық ұжымға ықыласын білдіріп, оркестр директоры Медет Қуанышовқа аудан әкімінің Алғыс хатын ұсынды. Сондай-ақ Бас дирижер Абылай Тілепбергенге, көркемдік жетекші Батыржан Мықтыбаевқа, дирижер Жексен Айсынға және оркестр орындаушысы Құндыз Қаламбаеваға сый-сияпат жасады. Сонымен қатар «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев та ұжым туралы жылы пікірін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Бұдан кейін оркестр Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеннің дирижерлігімен халық күйіне айналған Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, көрермендердің ыстық қошеметіне ие болды. Бір сағаттан аса ұсынылған сазды бағдарламада еліміздегі дәулескер күйшілердің, танымал композиторлардың атақты шығармалары мен жаһандық классика жауһарлары орындалды. Одан бөлек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов пен халықаралық конкурстардың лауреаты Жадыра Аманова оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Құрылғанына келер жылы 90 жыл толатын оркестр осы жылдардың ішінде алыс-жақын шетелдерді аралап, інжу-маржандарын ұсынған. Репертуарлық қорында 5000-нан аса туындысы бар ұжым Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Сүгір, Дәулеткерей сынды қазақ, Глинка, Шуберт, Чайковский, Моцарт, Бетховен секілді әлемдік классика саңлақтарының туындыларын асқан шеберлікпен орындайды.
Есімі аға буынға етене таныс Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Фуат Мансұров, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабығожин, Қали Жантілеуов, Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Жаппас Қаламбаев, Шамғон Қажығалиев, Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмелов, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтардың буыны бекіп, томағасы шешілген шығармашылық ұжым сәуір айының соңына дейін Тараз қаласы мен Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында болмақ.
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі Жамбыл облысына гастрольдік сапармен келіп отыр. Өздеріңіз жақсы білетіндей біздің ұжым үлкен дәрежеге жеткен оркестр. Оның үстіне біз күй өнерін, күйшілердің шығармаларын кеңінен насихаттайтын бірден-бір ұжымбыз. Оркестр репертуарында күйші-композитор, профессор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және тағы да басқа күйлері бар. Бүгінгі гастрольдік сапарымыздың бірінші күнін сол кісінің кіндік тамған жері Шу ауданынан бастауды жөн көріп отырмыз,-дейді оркестр директоры Медет Ермекқалиұлы.
Ерекше рухани демалыс сыйлаған шығармашылық ұжымды шулық көрермендер қимастықпен шығарып салып, талмастан қошемет көрсетті. Әрі фойеде концерттен керемет әсер алғандарын айтып, мұндай шара Шу жерінде көптен бері болмаған десті. Тәніңді шымырлатып, рухыңды асқақтататын оркестр концертіне санаулы ғана адамдар келгені бізді қынжылтты. Дегенмен қиқу қосып отырған жандардың қинаусыз келгені жүрегімізді елжіретті.
Байжан ЖЕЛДЕН.