Мереке қарсаңындағы шеру
7 мамыр күні еліміздің Отан қорғаушылары өздерінің төл мерекесін атап өтеді. Бұл ерлік пен өрлікке, ел тыныштығын күзеткен жауынгерлерге құрмет көрсетілетін сәт. Сонымен қатар, патриоттық сезімді паш ететін іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі. Солардың бірі – білім ошақтарындағы алғашқы әскери пәні мұғалімдері мен оқушылардың қатысуымен өтетін сапта жүріп ән айту шеруі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл және Жеңістің 78 жылдығына арналған. Аталмыш шеруді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен аудандық білім бөлімі бірлесіп ұйымдастыруда.
Аудан орталығындағы алаңда өткен шеруге өңір мектептерінен 9 взвод және Шу аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери және технологиялық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының 1 взводы қатысты. Шулық ұйымдастырушы ұстаздар взводы жуырда ғана облыс бойынша саптық жүріспен ән айту байқауында 2-орын иеленгенін айта кеткен жөн.
Болашақ сарбаздарының шеруін байқауға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Баршаңызды Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл толуымен, сонымен қатар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұл егемен еліміздің өзіндік қорғаныс әлеуеті бар екенін білдіретін мереке. Себебі еліміздің тірегі айбынды армиямыз екені ақиқат. Сондықтан осы күні Отан қорғаушыларға ерекше құрмет көрсетуіміз керек.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Елін сүйген жауынгер ер болады» деген екен. Баршаңызға осы мәртебеге лайық болуға жазсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Сайдың тасындай тізілген жас сарбаздар алаңда саппен өтіп, әскери дефиле көрсетті. Сонымен қатар, патриоттық рухты көтеретін ән айтып, қошеметке ие болды.
Шара соныңда аудан әкімі Б.Жәнібеков шеруге қатысқан ұстаздар мен оқушыларға мерекеге орай марапаттарын табыстады. Одан бөлек, облыстық байқаудан жүлделі оралған жерлестерімізге де тиісті марапат қағаздарын тапсырды.
Б.Емберді