Ақпараттық портал

Күн тәртібіндегі мәселе – қылмыстың алдын алу

Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру – прокуратура органдарының міндеттерінің бірі болып табылады.
Осыған орай, Шу ауданының ерекшеліктерін ескере отырып, біз құқық бұзушылықты болдырмаудың басым бағыттарын анықтадық. Бұл жұмысқа аудандық жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары тартылды. Жұмысты үйлестіру және қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін 2020-23 жылдарға арналған «Қауіпсіз Шу» атты профилактикалық іс-шаралар бағдарламасы қабылданды.
Бағдарламаны неғұрлым тиімді іске асыру үшін прокуратура құқық бұзушылықтар жасаудың алдындағы факторларды болдырмауға және уәкілетті органдардың профилактикалық жұмыс деңгейін көтеруге бағытталған іс-шараларды қамтитын жоспарлар құрды.
Оның алғашқы қадамы ретінде қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, қажет деп табылған орынға бейнебақылау жүйелерін орнатудан, оларды қалпына келтіруден және бұзушылықтарды тіркеу үшін қайта жабдықтаудан басталды.
Қазір аудан бойынша 147 көшеде бақылау камерасы жұмыс істейді, оның 14-і 360 градусқа қарау мүмкіндігімен, 17-сі автомобильдердің мемлекеттік нөмірлік белгілерін тани алады. Осы мақсаттарға үш жыл ішінде 165 млн.теңге жұмсалған.
Аталған шаралардың өзі қоғамдық орындарда қылмыстардың санын 20,7% – ға (29-дан 23-ке дейін), оның ішінде көшелерде 43,5% – ға (23-тен 13-ке дейін) төмендетуге мүмкіндік берді.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі Шу қаласында, атап айтқанда «Батыс, Қосқұдық, Қант зауыты және Тоғай» шағын аудандарында жасалады. Сондықтан ондағы жағдайды жақсарту үшін полиция күштері мен құралдарының шоғырлануы күшейтіліп, Шу қаласында қылмыстың 10% – ға (90-дан 81-ге дейін) төмендеуіне қол жеткізілді.
Алкоголь өнімінің айналымы бойынша жүргізілген жүйелі профилактика мас күйде жасалатын қылмыстардың деңгейін 54,5% – ға (22-ден 10-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді.
Әкімдік құқық бұзушылықтар жасау үшін қолайлы ортаны жою жөніндегі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуде. Нақтырақ айтқанда, Шу қаласындағы көппәтерлі үйлерінің бірқатар аулаларында сұрықсыз қоқыс үйінділерін, қараусыз қалған құрылыс алаңдарын тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді, сондай-ақ жарықтандыру жүйелері және т. б. жағдайлар реттелді.
Биыл 9 көппәтерлі үйді ағымдағы жөндеуге және абаттандыруға 167 млн. теңге, елді мекендердегі көше жарығына 78 млн. теңге бөлінді.
Маргиналды жастармен, бұрын қылмыс жасаған, нашақорлық пен алкоголизм бойынша есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмыстар жалғасын табуда. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар мобильдік топтардың жұмысы ұйымдастырылып, жекелеген оқу орындары прокуратура, әкімдік және полиция басшыларына бекітілді.
Кәмелетке толмағандардың тұрмысы төмен отбасыларда, асырап алған әкелері мен аналарымен, сондай-ақ моральдық емес өмір салтын ұстанатын ата-аналарымен бірге өмір сүру жағдайларын зерттеу өте тиімді шешім болды.
Бұл жұмыстар мобильді топтардың құрамында ұйымдастырылып, әлеуметтік мәселелері шешімін тауып, құжаттандыру, жұмыспен қамту және психологиялық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар бұл қадам кәмелетке толмағандарға қарсы суицидтер мен жыныстық қылмыстардың алдын алуға оң әсер етті.
Биыл кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасау фактілері орын алған жоқ. Осылайша жасалған қылмыстар саны 75% – ға (4-тен 1-ге дейін) төмендеп, жыныстық қылмыстарға, сондай-ақ суицидтерге жол берілмеді.
Қазіргі таңдағы басты мәселе жолдағы көлік оқиғалары екені белгілі. Жол көлік оқиғаларының алдын алу назардан тыс қалмайды. Ол үшін әкімдік пен полицияның жұмысы үйлестіріліп, проблемалық учаскелердің картасы жасалды.
Жыл басынан бері полицияның нұсқамаларын ескере отырып, жол төсемінің біркелкі еместігі себептері бойынша ең жиі ЖКО-ға ұшыраған ауданның 45 жол кесімін жөндеу және жарықтандыру жүзеге асырылуда, оған 1,3 млрд.теңге бөлінген.
Одан бөлек, Шу қаласының орталық көшесіне көлік жүргізушілердің жылдамдық режимін тіркейтін бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Айта кетерлік жайт, ЖКО деңгейі 76,8% – ға (76-дан 20-ға дейін) төмендеп, зардап шеккендердің саны 73,7% – ға (138-ден 32-ге дейін), қаза тапқандар саны 87,5% – ға (16-дан 2-ге дейін) азайды.
Сондай-ақ, нашақорлықтың алдын алуға және есірткі бизнесімен күресуге ерекше екпін қойылып отыр.
Ауданның табиғи жағдайы жабайы қарасораның өсуіне аса қолайлы екендігі жасырын емес. Шу, Меркі, Мойынқұм және Рысқұлов аудандарының құмды аймағын қамтитын «Шу алқабы» бүкіл әлемге жақсы таныс.
Осы жайттарды ескере отырып, аудан прокуратурасы нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023 жылға арналған жоспарын бекіткен болатын. Жоспардағы бірқатар міндеттер қазірдің өзінде орындалды. Шу ауданының аумағында жабайы қарасора өсетін жерлер мен аумақтар нақты анықталып отыр.
Қарасораны қылмыстық айналымға тарту көлемін азайту мақсатында оны ору және бақылау арқылы көзін жою жүргізіледі.
Өз кезегінде мобильді топтар есірткінің зияны жайлы ақпарат беріп, азғындық өмір салты туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіп келеді. Одан бөлек, тақырыптық билбордтар ілініп, бейнероликтер мен таратпа материалдар үлестірілуде.
Есірткіге тәуелді контингент бойынша медициналық мекемелердің жұмысы бақыланады. Прокуратураны үйлестіру және уәкілетті органдардың күшімен Шу ауданының криминогендік жағдайы айтарлықтай сауықты.
Өткен жылмен салыстырғанда биылғы алты айда қылмыс деңгейі 25% – ға (205-тен 153-ке дейін), аса ауыр қылмыстар 25% – ға (16-дан 12-ге дейін), ауыр қылмыстар 23,5% – ға (85-тен 65-ке дейін), орташа ауырлығы 33,9% – ға (53-тен 32-ге дейін) және ауырлығы аз қылмыстар 36,1 пайызға төмендеді. (36-дан 23-ке дейін).
Сондай-ақ, прокуратура жұмысының нәтижесінде ауданның 2 063 тұрғынының конституциялық құқықтары қорғалып, мемлекет кірісіне 57 041 860 теңге өндірілді. Сол секілді мемлекет меншігіне кадастрлық құны 124 млн.теңге болатын 11 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылғанын ерекше атап өтуге болады.
Шу ауданының прокуратурасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.