Ақпараттық портал

Билік пен бұқараның дәнекері

Құрметті шулықтар!
Қадірлі «Шу өңірі» газетінің ұжымы мен тұрақты оқырмандары!
Сіздерді еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, аймақ шежіресін асқақ абыроймен арқалап келе жатқан сүйікті басылымдарыңыз – «Шу өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Аудандық басылым – бұл жай ғана газет емес, бұл – ел мен жер тарихының тірі куәгері, халықтың өмір айнасы, ұрпақтың рухани жадын жаңғыртушы мінбері. Бұл басылым – қиын-қыстау жылдарда елдің үмітін үкілеген, қайта құру кезеңінде елді бірлікке ұйыстырған, тәуелсіздік таңында халықты жаңа мақсаттарға жетелеген бірден-бір рухани серік болды.
90 жыл – бұл бір ұжымның ғана емес, тұтас өңір халқының ортақ тарихы. Осы жылдар ішінде газет өңірдің тыныс-тіршілігін қалт жібермей, жергілікті билік пен халық арасында сенімді байланыс орнатып, мәдениет пен білімнің, өнер мен шаруашылықтың жаршысы болып келді. Әрбір мақала, әрбір очерк, әрбір фотосурет – туған өлке шежіресінің бір бөлшегі.
Редакция ұжымының кәсіби біліктілігі, елге, жерге деген жанашырлығы мен адал көзқарасы – аудан халқының зор сеніміне ие болып, басылымды нағыз халықтық газетке айналдырды. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, бүгінгі жас тілшілер аға буынның жолын жалғап, жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіре білді.
Шежірелі жылдардың жылнамашысы болған басылым маған ерекше ыстық. Себебі, Шу топырағында қызмет еткен жылдары «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетімен етене жақын жұмыс істеп, әр нөміріндегі мәселелерді назарға алып отырдық. Оқырман ойына назар аудардық. Қолдан келгенше қолдау көрсетіп, журналистерді құрмет төріне оздырдық. Оған басты себеп – елге еңбек ету деген ортақ мұрат болатын. Билік пен бұқараның дәнекерлерін дәріптеу арқылы басылым беделін арттыруға тырыстық.
Қазіргі таңда елорда төрінде жүрсек те киелі өңірге мойын бұрып, оның ахуалына алаңдаймыз. Оны әрине жергілікті басылым арқылы білеміз. Сондықтан газет қуаты сең қозғайтын күш деп білемін.
Осы мерейлі сәтте барлық шығармашылық ұжымға және газетке жанашырлық танытқан оқырмандарға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, жарқын жетістіктер тілеймін. Газеттің беттерінде елдің игілігі мен өңірдің өркендеуіне арналған сүйінші жаңалықтар көп болсын! Рухани биіктерден түспей, халықтың шынайы сенімі мен махаббатына лайық бола беріңіздер!

Сәкен Арубаев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.