Ақпараттық портал

Беделі биік басылым

Құрметті «Шу өңірі» газеті редакциясының ұжымы!
Сіздерді аймақтық қоғамдық-саяси басылымның 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
«Шу өңірі» газетінің Жамбыл облысы ғана емес, Қазақстанның ақпарат кеңістігінің қалыптасуында өзіндік орны бар. Өйткені, басылым Шу өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін тасқа басып, тарихқа айналдыруға зор үлес қосып келеді. Дүрмекке толы жаңғырған дүниелерді сүйіншілеп жар салып, жақсылықтың жаршысы болды, талай-талай таланттарды тамыршыдай тап басып таба білді. Уақыттың талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етті, өлкенің жылнамасын жасауда сүбелі істерді жүзеге асырды.

Шу өңірі қазақ шежіресінде аса маңызды рөлі бар тарихи мекен болса, «Шу өңірі» газеті өзінің 90 жылдық ғұмырында осы аймақтағы оқиғаларды, ғасыр толғағындағы тебіреністі даму мен іргелі істерді қорғасыннан құйылған қаріптермен құндақтап берген басылым. Газетпен бірге менің отбасым да біте қайнаса өмір сүріп келе жатқанын айта кетуім керек. Атам мен апам оқыған басылымды әке-шешеммен бірлесе біз де оқыдық. Жаңалықтардан құлағдар болдық, өнегелі тұлғалардың ісі мен есімдеріне қанықтық. Бұл газетке шығу әр ауыл мен оның тұрғындары үшін қуанышты жаңалық екенін сезініп өстік.
Жігері от жаныған жап-жас кезімде өзімнің аты-жөнімнің тұңғыш рет «Шу өңірі» газетіне жарияланғаны әлі есімнен кетпейді. Далақайнар ауылындағы қым-қуыт қарбалас жұмыс үстінде газеттен арнайы келген фотокорреспондент П.Норкинмен елді мекен нысандарын аралап, «Кеңшардың еңбек жөніндегі аға экономисі Қожахан Жабағиев» деп есеп жанрында хабар берілген еді. Бұл сол кездегі елге қызмет етемін деген жалындаған жастар үшін айтып жеткізе алмайтын қуаныш екенін кім білсін?!
Кейіннен басқа қызметтерде «Шу өңірі» газетінің редакциясымен тығыз байланыста болдым. Мен үшін тағы бір естен кетпейтін сәт – 1984 жылы желтоқсан айында аудандық партия комитетінің хатшысы Н.Торғаев бастаған Б.Егембердиева, Б.Ақбаев секілді басшылар саяси бюрода маған жаңа қызметті сеніп тапсырды. Сол «Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Жабағиев сайланды» деген хабар суретіммен газетке жарқырап тұрып басылды. Бойтұмарымдай сақтаған сол газет менің кітапханамның төрінен орын алған.
Ол уақытта газеттің бас редакторы Рахметілдә Құдабаев болатын. Сол кезеңде ол кісімен тікелей қарым-қатынаста болып, шаруашылықтарды бірге араладық, комсомол комитетінің жаңалықтарын үзбей жариялап тұрдық. Мақала жаздым, сұхбат бердім. Тіпті, ауданда сушы, мұраптардың жетіспеуіне байланысты арнайы материалдар ұйымдастырып, жастарды қызметке тарттық. Өнегелі де белсенді жас буынды үлгі етіп, үздіктерге материалдық қолдау көрсетіп, жастар бригадаларын құруға атсалыстық. Осы секілді алғырларды алға оздыруда газетпен үлкен жұмыстарды атқарған едік.
Сонымен небәрі 26 жасымда ауданнан басқа да басшылық қызметтерге ауысып, 49 жасымда туған өлкеме әкім болып оралдым. Тарихи іргелі істерді тарихқа айналдыруда тұңғыш рет «Шу өңірі» энциклопедиясын қолға алдық. Ал оны дайындауда «Шу өңірі» газетінің редакциясы негізгі рөлді иеленді. Бас редактор Ахметжан Қосақов ағамыз бастаған журналистер түрлі материалдарды жинақтап, Петр Норкиннің объективіне ілінген Шу өңірінің таңғажайып фотосуреттері кітап көркемдігін арттырды. Өңірімізден шыққан белгілі журналист, баспагер Дәрмен Смайыл мен танымал полиграфист Әлібек Наурызбаев баспадан шығарды.
Бұдан кейін де туған елдің баспасөзінен қол үзген емеспін. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі шақырылым депутаты ретінде түрлі мақалаларым шығып тұрды. Ондағы халықты сан қилы жаңалықтармен қамтамасыз етуде аянбай қызмет істеген аяулы есімдер мен белгілі азаматтарды ешқашан ұмытпаймын.
«Шу өңірі» газеті 90 жылдың ішінде Қазақстан журналистикасының небір майталмандарын тәрбиелеп шығарған ұстахана болды десек, еш қателеспейміз. Жазуға ұмтылған жастардың тырнақалды туындылары алғаш осы басылымда жарияланып, көзі ашылған бұлақтай қаншама өрен өмірден жолын тапты. Бүгінде олардың көпшілігі журналистикамен қатар, ұлттық әдебиетіміз бен руханиятымыздың өркендеуіне де өлшеусіз үлестерін қосу үстінде.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қастерлі Қазақ хандығы құрылған өңірдің жаңалықтарын жалпақ жұртқа жариялауда сіздер көрігін қыздырып отырған басылымның еңбегі ұшан-теңіз. Бұл редакциялық ұжымның қашанда елдік мүддені биік қоятындығын айғақтаса керек.
Қиындығы мен қызығы мол жолда абыройлы болыңыздар, баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен шаңырақтарыңызға шаттық және шығармашылық табыстар тілеймін! Әрқашанда жаңалықтың жаршысы бола беріңіздер! Жағымды жазар дүние көп болсын!

Қожахан ЖАБАҒИЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.