Атыңнан айналайын, «Шу өңірі»!
Тоғыз жолдың торабы, тектілердің тұрағы, саф тарихтың парағы, мәдениеттің ошағы саналатын Шу өңірінің арғы-бергі тарихына үңілсек, талай сырдың ақтарылатыны ақиқат. Маңдайыма тарихшы болу жазылса, осы топырақтың дарытқан киесі деп ойлаймын. Қазақ хандығының қазығы қағылған шежірелі өлкеден түлеп шығып, тарих беттерін түгендеуге сан тарапқа қанат сермедім.
Бала күнімде «Кировшы» деген атаумен жарыққа шығып тұрған төл газетіміздің әр санын асыға күтетінмін. Сол газеттен бастау алған аңсарлық сонау Орынбор архивіндегі “Қазақ” газетінің бүкіл санын тауысуға сеп болды. Сол арқылы Алаш қайраткерлерінің өмір жолына, еңбек жолына, елі үшін жасаған ерлігіне ден қойдым.
1935 жылдың 16 маусымында алғашқы саны жарық көрген “Шу өңірі” газетін жата-жастана оқып жүрген сәттерде Бердібек Атаев есімді азаматтың мақал-мәтелдің мәйегін тамызған мәнді мақалаларын жиі оқып тұратынмын. Ол кісіні көбіне Бекен ағай деп атайтын. Сол тұста газеттің жауапты хатшысы қызметін жауапкершілікпен атқарғандығы ел аузында.
Шет жүрсек те, туған жерге бір бүйіріміз бұрып тұрады. Қандай да бір игі істер, жақсы жаңалықтар орын алып жатса, балаша қуанамыз. Бір биікке көтерілсек те бізді дәл туған жердей тебірене жырына қосып, таныта алмайтындай көрінеді. Қазіргі күні “Шу өңірі” редакциясында еңбек етіп жүрген жас толқынның да талабы мен табандылығы жан жадыратады. Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 75 жас мерейтойымда Айғаным Асқарбек есімді тілші қоңырау соғып, мен туралы танымдық мақала жазатын ниеті бар екендігін айтып, 2 сағатқа жуық тілдескен болатынбыз. Арада күн құрғатпай мен туралы жазған мақаласын жолдапты. Өзім туралы жазған мақаланы оқығанда тебіреніп, толқығаным бар. Міне, осындай нағыз шығармашылық жолындағы азаматтар “Шу өңірі” газетінің абыройын асырып, беделін арттырады.
Тағы бір арысымыз Ғұмар Караш: «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет. Сол себепті, газет біздің басшымыз, газет – біздің достар арасындағы көркіміз, дұшпан алдында қарсы құралымыз. Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» – деген екен. Осы қасиетті сөздердің барлығы 90 жылдық тарихы бар, ауданның айнасы, тілшілер ұстаханасына айналған «Шу өңірі» газетіне арналғандай. Қашанда халық үнін алдыңғы орынға қойып, қоғам мен биліктің алтын көпіріне айналып жүрген “Шу өңірі” газетінің торқалы тойы құтты болсын! Жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігінен ұдайы хабар беріп отыратын газеттің алар асуы, басар белесі түгесілмесін!
Мәмбет Қойгелді,
ҚР ҰҒА академигі,
тарих ғылымының докторы,
профессор, алаштанушы.