Табиғатты қорғау жалғасуда
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының 2023 жылғы 16 қаңтардағы бұйрығымен 1 наурыз бен 31 мамыр аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы бойынша балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» атты табиғатты қорғау акциясын өткізу бекітілген болатын.
Аталған акция тасталған балық аулау желілерінен су айдындарын тазарту және жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ балық ресурстарын сақтау және балықтардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатын көздейді. Осыған орай, Жамбыл облысы бойынша 2023 жылы балық барымташыларының заңсыз әрекеттеріне қарсы күресу мақсатында төрт мобильдік топ құрылды. Бұл жағдайды ескерген Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басқармасы Шу ауданына жаңа потрульдік моторлы қайық жіберді. Облыс бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Жамбыл Усипберлиев бастаған мобильдік топ мүшелері мен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бірігіп, Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында тазалық жұмыстарын бастап кетті. Жамбыл облысында бүгінгі таңда 142 балық шаруашылығы су айдындары болса, оның ішінде Шу ауданы бойынша 5 су қоймасы бар. Олардың барлығында жаппай қадағалап, тазарту жұмыстары қолға алынған. Алғашқы екі күнде қараусыз қалған 5-6 шақырымдай аулардан тазартылды.
Бұдан бөлек, көл беті мен жағалаудағы тұрмыстық қоқыстар тазартылды. Бұл шараны 1-маусымға дейін күнделікті балық шаруашылығы субектілері өз су айдындарында жалғастыратын болады. Наурыз айының басынан бері Шу- Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы қызметкерлері жүргізген жұмыстар нәтижесінде балық аулау заңнамасын бұзу бойынша 7 хаттама толтырылып, оның ішінде 3-і сотқа жолданған. Бүгінде Қытай торын қолдану, тоқпен ұру секілді залал келтірушілер азайған. Оның үстіне аумақтық инспекция, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары, құқық қорғау қызметкерлері мен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бірлесіп, арнайы бекітілген іс-шара негізінде жұмыс жасауда. Уылдырық шашу мезгілінде балық шаруашылығы саласындағы заңдылықтарды көпшілікке түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары да жүргізіліп, мақалалар жарияланып келеді.
Жұмахан Чекаев,
«Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Ержан Касенов,
Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы.