Майталман мейірбике
Еліміздегі әрбір салада көзге көріне бермейтін, бірақ маңызды миссияны атқаратын адамдар көп. Замандастарымды еңбек етуге, табанды болуға, мамандығына махаббатпен қарауға ынталандыру үшін өз ісінің майталманы туралы бірер сөз айтуды жөн санадым.
Біз еңбек ететін Шу аудандық орталық ауруханасының ота бөлімі жоғары санатты мейірбике Каухар Баетовамен мақтанады. Себебі, ардақты әріптесіміз өмірінің 40 жылын тек қана хирургия саласына арнаған.
Каухар Рахманқұлқызы 1981-1983 жылы Қырғыз еліндегі Қара-Балта медициналық училищесінің мейірбике бөлімінде білім алған. Ардагердің еңбек жолы бұрынғы Фрунзе қаласындағы КНИИОиР клиникасының онкология бөлімінде басталған. Ал, 1988 жылы әріптесіміз Шу аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне орналасады. Сол жылдан бері бүгінге дейін табан аудармай ортамызда тер төгіп келеді.
Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Каухар Рахманқұлқызы өзінің қарапайымдылығымен, жұмысқа деген ыждахатымен дараланады. Сонымен қатар, оның қайсарлығын ерекше атап өткім келеді. Өйткені, ота жасалатын орында мейірбике болу оңай емес. Отадан шыққан науқастың көңілін табу, уақтылы дәрі-дәрмегін беру, күтімін жасап, жылы сөзбен жұбату аса керекті қызмет. Мұны кейіпкеріміз оп-оңай атқарады. Ең бастысы, Каухар әпкеміз әрбір науқасты жақынындай көріп, қамқорлық жасайды.
Биыл Каухар Рахманқұлқызы асқаралы 60 жастың шыңына шығып отыр. Ортасына сыйлы, отбасында қадірлі әріптесіміз бүгінде жолдасы Субахан Байгисиевпен бірге өсірген үш баладан 3 немере сүйіп отырған сүйікті әже.
Бөлімдегі аса қажетті қызметті атқарып жүрген ардагер-мейірбике халық денсаулығын жақсартудағы жемісті еңбегі үшін аурухана әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хат алып, бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Сол секілді жуырда ғана медицина қызметкерлері күні қарсаңында К.Баетоваға ұзақ жылғы табанды еңбегі ескеріліп, аудан басшылығы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс еткен болатын.
Қазақ әйелінің хас үлгісін көрсетіп, жас ұрпаққа өнеге дарытқан Каухар Рахманқұлқызын мерейлі жасымен ұжым атынан шын жүректен құттықтаймыз! Сонымен бірге зор денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілейміз!
Ж.Сәулебай,
Шу аудандық орталық ауруханасының ота дәрігері.