Ақпараттық портал

Жайдарман жүйріктері анықталды

Аз уақыттың ішінде өз көрерменін қалыптастырған жобаның бірі – Жайдарман. Алысқа бармай-ақ ауданымыздың өзінде әзіл жәрмеңкесінің әлеуеті артып келеді. Бұған бұрынғы және бүгінгі аудан басшылығының көрсеткен қолдауы оң ықпалын тигізгені анық.

Жуырда жыл бойы өткізілген жайдарман ойындарының Шу аудандық ашық лигасы өз мәресіне жетті. Әдеттегідей, аудандық Мәдениет үйіне жиналған жастар командалардың әзіл-қалжыңдарына құлақ түрген болатын. Күлкі кешін жүргізген аталмыш лиганың жетекшісі Мақсат Шәймерден екенін де айта кету керек.
Финалдық ойынға Тараз қаласынан, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарынан барлығы 5 команда қатысты. Алдыңғы ойында көрермендердің сұрауымен ақтық ойынға жолдама алған «Жиенбет» командасы белгісіз себептермен бас тартқанын айта кеткен жөн.
Қамшы басар сәтке барлық командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Себебі бұл ойынды бағалау Тұрар Дурманов, Айбек Орманов, Мақсат Мақсұт, Жоламан Әуес, Әділбол Мұратбек, Елдос Мамықбай, Мақсат Маткаримов пен осы жолдардың авторына айтарлықтай қиындық туғызды.
Аталған шараға Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Абдуалиева мен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, жастардың өнерін тамашалады.
Қос сайыстан тұратын финалдық ойында әділ қазылар алқасының әр мүшесі әзілдері ұнаған командаларға кіші кубоктар беріп отырды. Жиналған кубоктар санына қарай жеңімпаздар анықталды. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының оқушыларынан құралған «Өнерлі көшпенділер» командасы ұтымды әзілдері үшін «Көрермен көзайымы» атанса, тараздық «Престиж» командасы сәлемдесу сайысының сәнін келтірді. Арпа ішіндегі бір бидай сынды қыздардан құралған «ОIY» командасы да тегеурін танытты. Сонымен қатар, осы команданың капитаны Айназ Адамбаева «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Ал «Үздік әзіл» аталымын «Төле би» командасы қанжығасына байлады.
Ойын мәресінде былтырғы вице-чемпиондар «Меркістан» командасы 2023 жылдың чемпионы атанды. Оларға өткен жылғы чемпиондар өз жолдарын беріп, өздері екінші орынды қанағат тұтты. Үздік үштікті тараздық «ОIY» командасы түйіндеді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде А.Абдуалиева мен аудан басшысы Б.Жәнібеков ойын туралы ойларын ортаға салып, қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізді.
Жүзден жүйрік атанған командаларға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықпен қоса бағалы тартулар, дипломдар мен кубоктар табыс етілді. Аталмыш шараны тұрақты түрде ұйымдастырушы Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і екенін айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.